KZ
Өскемен
-16°
небольшой снег жел 2 м/с, В
513.55 602.09 6.42

ШҚО тұрғындарының 490 млн теңгеге мүлік және көлік салығы өтелмеген

31.10.2025, 10:30 149 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында жеке тұлғалардың мүлік және көлік салығы бойынша берешегі 1 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қабыш Сайранқан Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі 

Оның айтуынша, 2025 жылдың 1 сәуірінен кейін төлеу мерзімі аяқталған соң 1,09 млрд теңге салық берешегі қалыптасқан.

«Қазіргі таңда 38 мыңнан астам азаматтың 490,4 млн теңге көлеміндегі қарызы өтелмей тұр. Ал 600,6 млн теңге сома бойынша төлем жасалды. Әрбір азамат өз салық міндеттемесін орындауға жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Қабыш Сайранқан.

Салық берешегін азайту мақсатында ескерту хаттары жолданып, төлем болмаған жағдайда материалдар жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Олар мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдана алады. Яғни, мүлік пен банк шоттарына тыйым салу, елден шығуға шектеу қою, көлік жүргізу құқығынан айыру секілді.

«Мұндай шаралар – соңғы қадам. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға артық шығынға ұрынбай, қарызын өз еркімен төлеуге мүмкіндік беру. Себебі сот орындаушысына іс түскен жағдайда берешекке қосымша 25 пайыз комиссия есептеледі», – деді ол.

2025 жылдың басынан бері 789 рейд өткізілді, нәтижесінде 17,6 млн теңге берешек өтелді. Сондай-ақ жұмыс істейтін борышкерлерден 7,5 млн теңге қосымша өндірілді.

«Бүгінде салық төлеу өте ыңғайлы. Азаматтар e-Salyq Azamat, eGov, Kaspi, Halyk және басқа да мобильді қосымшалар арқылы бірнеше минутта төлем жасай алады. Уақытылы төлеу — заң талаптарын орындап қана қоймай, қосымша шығындардан қорғайды», – деп түйіндеді Қабыш Сайранқан.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу