Римде Шоқан Уәлиханов туралы итальян тіліндегі кітаптың таныстырылымы өтті
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Италияға жұмыс сапары аясында «Шоқан Уалиханов және қазіргі Қазақстанның бастауы» атты монографияның таныстырылымы өтті. Белгілі ағартушының 190 жылдығына арналған бұл кітап алғаш рет итальян тілінде жарық көрд, деп хабарлайды Altainews.kz.
Аида Балаева ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшыға арналған еңбектің жарық көруімен барша зерттеушілерді құттықтады. Министрдің айтуынша, Шоқан Уәлихановтың мұрасын итальян оқырмандарына таныстыру – Қазақстан мен Италия арасындағы рухани байланысты тереңдететін маңызды қадам.
Министр сондай-ақ екі елдің ғалымдарына, зерттеушілеріне, аудармашылары шынайы алғыс білдірді. Ол бұл кездесу Қазақстан мен Италия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, жас ғалымдар мен зерттеушілерді жаңа ізденістерге жетелейтініне сенім білдірді.
Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын итальян профессоры Федерико Пасторе жазған. Ол ұзақ жылдар бойы ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты қазақстандық дереккөздерді зерттеген. Сондай-ақ монографияда Ш.Уәлиханов өмірінде кездескен белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ауқымды бөлім бар.
Кітап Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен, Sandro Teti Editore баспасынан, қазақстандық «Каспий Нефть» АҚ мен Doscar Foundation Charity Fund корпоративтік қорының демеушілігімен жарық көрді. Зерттеу сонымен қатар ағылшын тілінде де қолжетімді.







