KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, ОБ
514.31 603.03 6.4

Өскеменде Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай диктант ұйымдастырылды

17.04.2025, 16:00 588 Рағызбаева Ақерке

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы, этнограф Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай «Қазақтың тұңғыш ғалымы» тақырыбында ашық диктант өткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Іс-шараға «Өскемен жоғары медициналық колледжінің» студенттері қатысып, сауаттылық деңгейлерін сынап көрді. Диктант мәтіні ретінде ғалымның «Іле өлкесінің географиялық очеркі» атты зерттеу еңбегінен үзінді таңдалып алынған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жас буынды тарихи тұлғаның өмір жолы мен еңбегімен таныстырып, қазақ ғылымының қалыптасуындағы рөлін ұғындыруды мақсат тұтады.

– Шара Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын насихаттау, оның отандық тарих пен мәдениеттегі маңызын көрсетуге бағытталған. Ол – қазақ ғылымының жарық жұлдызы. Оның артында қалған мұрасы – өшпейтін рухани қазына, – дейді кітапхана қызметкерлері.

Шоқан Уәлиханов – қазақ халқы арасынан шыққан алғашқы энциклопедист-ғалым. Оның есімі тарих, география, этнография, әдебиет пен өнер саласындағы іргелі зерттеулермен тығыз байланысты. Ғалым жастайынан шығыс тілдерін меңгеріп, бірнеше ғылыми экспедицияларға қатысып, қазақтың ауыз әдебиетін, аңыздары мен жырларын жинақтаған. Оның еңбектері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.

Диктант қорытындысы бойынша үздік қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу