Риддер жылу электр орталығында жағдай тұрақты
Риддер қаласындағы жылу электр орталығының басшысы Кирилл Голота мәлімдегендей, бүгінде кәсіпорында жұмыс қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Котлоагрегаттар штаттық режимде жұмыс істеп, жылу беру кестеге сай жүзеге асырылуда. Барлық параметрлер белгіленген талапқа толық сәйкес келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алайда көпқабатты үйлердің бірқатарында тұрғындардың немесе қызмет көрсетуші ұйымдардың өздері ішкі жүйелерге уақтылы қызмет көрсетпей, құбырларды тазаламауы, бойлерлерді ауыстырмауы сияқты жеке жағдайлар кездесіп отыр.
Қала әкімдігі өкілдерімен бірлесіп бірнеше нысанға барып, тексеріс жүргізілді. Атап айтқанда, КСК «Рассвет» басқаруындағы үйлер мен Гагарин көшесіндегі №15 үйдің жертөлелері қаралды — барлығы таза әрі реттелген, жылу беру температурасы нормаға сай, жүйе үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың бірі – балабақша да тексерілді. Қазіргі таңда мекеме жағдайы «өте жақсы» деп бағалануда: топтар мен сынып бөлмелерінде жылы әрі жайлы, ал оқу процесі жүрмейтін уақытта ғимарат үнемі желдетіліп тұрады.
Жалпы, Риддер қаласындағы жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр және жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.



