KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 4 м/с, ОШ
522.19 606.42 6.47

Әр өңірде спортқа тең мүмкіндік: Үкімет отырысында елдегі спорт саласын дамыту тетіктері талқыланды

4.11.2025, 17:30 137

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтеріп, өңірлерде спорт нысандарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету және жаңа мектеп-интернаттар ашу, «Қолжетімді спорт» жобасы бойынша нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Altainews.kz.

Бүгінгі Үкімет отырысында елдегі спорт инфрақұрылымы мен бұқаралық спортты дамыту мәселелерін қарау барысында Премьер-министр басты мақсат халықтың спортпен қамтылу деңгейін арттыру және кәсіпқой спортшылар даярлау үшін қажетті жағдай жасау екенін атап өтті.

«Әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуға тиіс спорттың дамуы Мемлекет басшысының үнемі назарында. Бұл орайда еліміздің барлық өңірінде спорттық инфрақұрылым мен бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – халықтың дене шынықтыру және спортпен қамтылу деңгейін арттырып, кәсіпқой спортшыларды даярлау үшін қажетті жағдай жасау. Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамытып, тұрғылықты жерлерге жақын спорт алаңдарының желісін құру қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов Талғардағы «Жастар» стадионын мысалға ала отырып, спорт нысандарының мақсатты әрі тиімді жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ ол жаңа нысандардың құрылысымен қатар, қолданыстағы спорт объектілерін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

«Алматы облысында Талғар қаласының тұрғындары “Жастар” стадионы қаңырап бос тұр, спорттық іс-шаралар өткізілмейді, секциялар жоқ деп шағым айтуда. Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктер спорт нысандарының мақсатты әрі тиімді жұмысын қатаң бақылауға алсын», – деді Премьер-министр.

Премьер-министр спорт саласын цифрландыру процесін жеделдетуді және өңірлерде спорт мектеп-интернаттарын ашуды тапсырды. Бірқатар өңірде, мысалы, Ұлытау, Абай, Алматы және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін мұндай мекемелер жоқ.

Сонымен қатар, спорт саласын цифрландыру процесін жеделдетудің маңыздылығы атап өтілді. Ол үшін ең алдымен «Е-Sport» ақпараттық жүйесін енгізу жұмысын жандандыру қажет. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, өңір әкімдіктері мен Туризм және спорт министрлігі биылғы 20 желтоқсанға дейін спорт инфрақұрылымы мен бұқаралық спортты дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жол карталарын әзірлеп, бекіту, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстары мен Шымкент және Астана қалаларының әкімдері футбол клубтарын жекешелендіруге инвесторлар тарту жұмысын күшейту тапсырылды. Бұдан бөлек өңір әкімдіктері бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Қолжетімді спорт» жобасын іске асырып, жаттықтырушы-нұсқаушылар санын, әсіресе, ауылдық жерлерде арттыру мәселесін қамтамасыз етсін.

Бұл ретте айта кету керек, Қазақстандағы клубтарды жекешелендіруге және футбол академияларын салуға 45 млрд теңге инвестиция тартылды. Президенттің IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Дэвид Лория Үкімет отырысында кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру барысы туралы ақпарат берді.

Осы жұмыстар аясында футбол академиясын салуға 12 млрд теңге инвестиция тарту арқылы «Қайсар» ФК ресми түрде жеке меншікке өтті. «Қызыл-Жар СК» ФК бойынша да меншік құқығын беру процесі аяқталуда, онда инвестор жыл сайын кемінде 1 млрд теңге салуға міндеттеме алды. «Жеңіс» ФК бойынша академия құруға жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 16 млрд теңгені құрайды. «Шахтер» ФК-ге қатысты қоғамдық бағалау мен тыңдаулардан кейін аукцион өтеді. Мұндағы инвестицияның жалпы көлемі 18 млрд теңгені құрайды.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндамасына сай, 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорт инфрақұрылымына қолжетімділігі – 55,1%-ды құрады. Ол бұл көрсеткіштің 2020 жылмен (46,2%) және 2023 жылмен (52,2%) салыстырғанда өсім көрсеткенін атап өтті.

Бүгінде ел бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Оның ішінде 1 298 нысан жөндеуді қажет етеді. 2025 жылдың 9 айында 35 спорт нысаны салынды. Жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.

«Спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру – министрліктің негізгі бағыттарының бірі. Ең жоғары көрсеткіштер Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында. Тұжырымдамаға сәйкес бұл көрсеткішті 2029 жылы 65%-ға жеткізу міндеті тұр», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Өңірлердегі спорттық интернаттар мен стадиондар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы салынатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа футбол стадиондарының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Министрдің айтуынша, Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Оны аяқтау 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Сонымен қатар, ведомство басшысы Қазақстанда 7 432 футбол алаңы бар екенін, оның 1 420-сы жөндеуді қажет ететінін ерекше атап өтті. Осыған байланысты жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба іске асуда.

Алты спорт нысанын қайтарылған активтер есебінен салу жоспарлануда. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет Арнайы мемлекеттік қор қаражатын спорт инфрақұрылымдарын дамытуға тартуда. Ол Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы аяқталғанын атап өтті. Одан бөлек қазіргі уақытта үш нысанның құрылысы жүруде. Олар – Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион, Алматы облысындағы спорт кешені және Көкшетаудағы көпфункционалды кешен.

«Қазір жаңа алты нысан бойынша өтінім жолданды. Олар – Түркістан облысы Бақыбек ауылы, Алматы облысы Шеңгелді және Заречный кенттері, Қостанай облысы Арқалық және Лисаков қалалары, сондай-ақ Астана қаласындағы “Қазақстан” спорт кешені», – деді Ербол Мырзабосынов.

Балалардың секцияларға бару мүмкіндіктерін арттыру үшін 2025 жылғы 1 маусымнан бастап «Бірыңғай ваучер» пилоттық жобасы іске қосылды. Министр бұл механизм спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын біріктіреді, сондай-ақ мемлекеттік және жеке ұйымдарды бірыңғай цифрлық жүйеге қосады деп атап өтті.

Бүгінде 8,4 млн адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бұл – халықтың 41,4%-ы. Мақсат – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50%-ға жеткізу. Биыл мемлекеттік спорттық тапсырыспен 240 мың бала 7 мыңнан астам тегін секцияға қатысуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу