KZ
Өскемен
-23°
туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Қыс қамы: елімізде көктайғаққа қарсы материалдардың стандарты әзірленді

gov.kz

8.11.2025, 09:00 169 Базарова Айгүл

Қазақстанда алғаш рет елді мекендер аумағында қолданылатын көктайғаққа қарсы материалдарға (КҚМ) қойылатын талаптарды айқындайтын ұлттық стандарт әзірленді. Жаңа құжатты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) дайындады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Стандарттың басты мақсаты – жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ қыс мезгілінде қолданылатын реагенттердің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту.

«Бұған дейін елімізде тек МемСТ 33387-2015 «Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары. Көктайғаққа қарсы материалдар. Техникалық талаптар» стандарты қолданыста болды. Алайда ол тек республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына арналғандықтан, қалалық инфрақұрылымның – көшелердің, тротуарлардың, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің ерекшеліктерін қамтымаған», – деп түсіндірді ҚазжолҒЗИ мамандары.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайда стандартсыз реагенттерді пайдалану жарақат алу қаупін арттырып, жол және тротуар жабындарының, сондай-ақ абаттандыру элементтерінің мерзімінен бұрын тозуына әкеледі. Сонымен қатар ол адамдар мен үй жануарларының денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Экологиялық кодекстің 238-бабының 9-тармағына сәйкес, елді мекендер аумағында көктайғақпен күрес мақсатында ас тұзын қолдануға тыйым салынады, өйткені ол топыраққа, өсімдік жамылғысына және экожүйеге зиян келтіреді.

ҚазжолҒЗИ әзірлеген жаңа ұлттық стандарт қалалық орта үшін қауіпсіз көктайғаққа қарсы материалдардың рұқсат етілген түрлерін, олардың қасиеттері мен сапа көрсеткіштерін белгілейді. Құжат халықаралық тәжірибеге және еліміздің қысқы жол күтімі саласындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып дайындалған.

Мамандардың айтуынша, жаңа стандартты енгізу көктайғақпен күрес шараларының тиімділігін арттырып, қауіпті реагенттердің қолданылуын азайтуға мүмкіндік береді.

«Стандартты әзірлеудегі басты мақсат – жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейту және жол-көлік оқиғаларының санын азайту», – деп қорытындылады ҚазжолҒЗИ өкілдері.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу