Тау тұлғаның тағылымға толы ғұмыры
Жеңістің 80 жылдығы – қан майданда жаумен қарсы күресіп, ұрпағының жарқын болашағы үшін Жеңістің нұрлы таңын атырып, жанын қиған, бейбітшілік үшін өмірін берген батырлардың өр рухына тағзым ететін кезең. Сол асыл ерлердің қатарында Кеңес Одағы Батырлары да, қарапайым қатардағы жауынгерлер де болды. Солардың бірі – Күршімде жиені Ермұхамбет Тоқаевтың бастамасымен, мәслихат шешімімен бір көшеге есімі берілген сержант Сейітқамал Тоқаев. Оның тағылымға толы өмір жолы туралы деректер №5 мектеп жанындағы мұражайда сақталған. Бүгінде ардагердің еселі еңбегі – өскелең ұрпаққа өнеге. Жыл сайын 9 мамырда Күршімде ардагерді еске алуға арналған қол күресінен жарыс өткізу де дәстүрге айналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл Сейітқамал Тоқайұлы Тоқаевтың туғанына 100 жыл толды. Осындай ерекше жанның өмірі мен өнегелі жолын мүмкіндігінше көп адам білсе екен деген ниетпен осы баяндау жазылып отыр.
Сейітқамал Тоқаев Күршімнің Діңгек ауылында дүниеге келген. Алып таулар мен ашық аспан оның жүрегіне ерте бастан ел мен Отанға деген шексіз махаббат ұялатты. Ал ұжымдастыру зобалаңын бастан өткерген әкесі бойына еңбекқорлық пен адалдықты, ар-намыспен жұмыс істеу қасиетін сіңірді.
Тоқай Түлебайұлы өмірден ерте өткенде, үлкен отбасының ауыртпалығы Сейітқамалдың иығына түсті. Дегенмен ол қандай қиындық келсе де, білімге деген құштарлығын жоғалтпай, маман атануға барын салды.
Лениногорскідегі ФЗУ мектебімен байланысты оқиға оның тағдырындағы айрықша кезең болды. Бұл оқу орнына тек 1924 жылы туғандарды ғана қабылдайтын. Сонда ол құжатсыз барып, өзін сол жылы туғанына сендіргісі келді. Бірақ қабылдаушылар: «Балаларды алмаймыз», — деп қайтарып жіберді. Сол сәтте оның жолында Георгий Георгиевич Иванов есімді педагог жолығады. Алыс жолдан шаршап келген, бойы аласа, арықша келген жігіттің үйіне қалай жететінін ойлап жаны ашыған ол жәрдемдесуді жөн көрді. Осы бір кездейсоқтық екі адамның тағдырын тоғыстырды.
Мейірімді педагог Сейітқамалды жатақханаға орналастырып, қыстың қыспағына орай киім-кешекпен көмектеседі. Сол сәттерде Сейітқамал оған өзінің есімінің тарихын айтып береді. Өзінен бұрын екі сәби шетінеп кеткендіктен, анасы оны пайғамбарлар Сейіт пен Камалдың құрметіне атапты. Бұл есім баланы жамандықтан қорғап, ұрпағын желеп-жебесін деген ырым еді.
Серёжа өзін де, қамқор ағайын да ұятқа қалдырмау үшін бар ынтасымен оқыды. ФЗУ-ды үздік бітірді. Кейін шахтада бұрғылау көмекшісі болды. Шахтадағы жігіттер «70 келілік перфораторды мынау қалай көтереді?» деп әзілдейтін. Бірақ ақылды жас бұл қиындықтың да жолын таба білген. Жұмысқа өзгелерден ерте келіп, «Телескопты» бөлшектеп алып, шахта ішінде қайта жинайтын. Оның осы тапқырлығы өмір бойы талай тығырықтан алып шықты. «Шығыс сақинасының» 15 учаскесін салуға қатысқан ауыр жылдары да осындай қажыр-қайратымен көзге түсті. Адамдар аштықтан әлсіреп, қиналып жүргенде, ол құрылыс штабына барып: «Егер тамақ болса, бәріне үлгереміз», — деп айтқан. Кейін «Үздік жолшы» төсбелгісіне үміткер екі адамның бірі атанды.
Алайда кеніштегі еңбек ұзаққа созылмады – тифпен ауырып, жүдеп кетеді. Денсаулығына байланысты жұмыстан босатылады. Көп ұзамай соғыс басталып, оны майдан жолы Манчжурияға алып кетті. Ол Шығыс майданында байланысшы, кейін 15-армияның 180 батальонының құпия бөлімінде қызмет етті. Оның үлкен қызы Людмила әкесінің неге тек 1948 жылы оралғанын және қытай тілін қалай меңгергенін өмір бойы түсінбей өтті – бұл сұраққа жауап беруге оның да батылы бармайтын. Бірақ елге оралғанда қасында Дуся есімді қыз болды. Кейін екеуі өмірлік серік атанды.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдары майдангерлер елді қайта көтеруге кірісті. Еңбекқорлығымен көзге түскен Сейітқамалды егіншілік бригадасына есепші, кейін бригадир етіп тағайындады. Ол Семейдегі техникалық училищеде агроном болып білім алады. Майданда жүргенде партия қатарына қабылданып, өмірін елге қызмет етуге арнады. 1953 жылы Черкасов атындағы колхоздың басқарма орынбасары, 1955 жылы Пугачево ауылындағы Ленин атындағы колхоздың жетекшісі болып, шаруашылықты өрге сүйреді. Одан кейін аудандық партия комитетінде қызмет етіп, партиялық жоғары мектепте оқыды. Ал Алматыдан туған жері Күршімге оралғанда, оны дағдарыстағы «Маралды» совхозы күтіп тұрды. Жаны мен жүрегін сала еңбек еткен ол совхозды облыстағы 16-шы орыннан екінші орынға көтерді. Оның қамқорлығымен Күршім өзеніне көпір салынып, әлі күнге дейін халыққа қызмет етіп тұр. Осы еңбегі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Бірақ ол тек басшы емес, жүрегінде романтикасы бар жан еді. Ауыл шаруашылығын түзеп қана қоймай, мәдени өмірді де жандандыруды қалады. Клуб жоқ кезде мектептің өз театрын құруды ұсынды. Қалай қарсы шығасың, егер директордың өзі Гогольдің «Ревизорында» рөл сомдап жүрсе?! Сол кездері бас агрономнан бастап, мұғалімдерге дейін кешкісін сахнаға дайындалатын. Ол әділ де адамгершілігі мол басшы болды. Бірде ауыл ақсақалы ұрланған бұзауын табуға көмек сұрағанда, өзі көшелерді аралап жүріп, ұрыны анықтап берген екен.
Людмиланың жадында әкесінің көп өнегелері қалды. Бірде сыныптастарымен күнбағыс шемішкесін алып бара жатқанда, әкесі алдынан шығып: «Әркім осылай істей берсе, мемлекетке не қалады?! Жедел элеваторға апарыңдар!» — деп қатты зекіген. Бірақ сол қаттылықтың әр сөзінің түбінде адалдық жатты.
Әкесімен атпен серуендеген сәттері, ақ марал туралы аңыз, орман ішіндегі үнсіз табиғат – оның балалық шағындағы ең қымбат естеліктер. Әкесі өсімдіктер жайлы, жер туралы ерекше сүйіспеншілікпен айтып отыратын. Кейін агрономдықтан бөлек, ауыл шаруашылығы институтының экономикалық факультетін тәмамдап, білімін толықтырды.
Сейітқамал Тоқайұлы – ішкі мәдениеті жоғары, зиялы жан еді. Үйінде үлкен кітапхана болды. Ол фельетондар да жазатын, әңгімесі әсерлі, тілі бай болатын. Ауылда былдыр сөйлеуге жол бермей, адамдарды мәдениетке тәрбиеледі.
Ұлан ауданында совхоз директоры болып қызмет атқарған кезінде көреалмаушылар жала жауып, облыстық партия комитетіне арыз жазған. Бірақ республикалық комиссия әділ шешім шығарып, кінәсіз жанды ақтап шықты, жала жапқандар өз жазасын алды. Глубокое ауданындағы Березовкада Калинин атындағы колхоздың бас экономисі болған жылдары оны халық ерекше құрметпен еске алады. Ол ауданда алғаш болып Наурыз мерекесін ұйымдастырған басшы еді. Бірде көшеде оған жұдырық ала жүгірген сотқарды бір ғана әдіспен сұлатып салғанда ғана жұрт оның қазақша күрестен спорт шеберлігіне кандидат екенін білді.
Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай, «Ардагерлер клубын» құрды. Қар тазалап, шатыр жөндеп, концерт ұйымдастырып жүрді. Әйелі ән айтқанда, ол гитарамен сүйемелдейтін, әйелінің «жалған нота баспа» деген қалжыңын түсініп, еш ренжімейтін. Асқар тау әке, тамаша ата болды. Немересі Юляны Абаканнан өзі алып келетін, ал ауруханаға түскенде, мейірімді жүзіне қызыққан барлық балалар жанынан шықпайтын. Баласының жары босану кезінде қайтыс болғандықтан, кішкентай Сережаны әжесі Евдокия екеуі тәрбиеледі. Тіпті басқа балалар да қара шаңырақта жүретін-ді.
Тіршіліктің берген ең үлкен сыйы – үш бала, 10 немере, 12 шөбере. Ұлын Лениннің құрметіне Владимир деп атады, қыздары Марина мен Людмила оның мақтанышы болды. Людмила Сейіткамаловна кейін облыстың бас балетмейстері, ірі театрландырылған қойылымдардың режиссері атанды.
Сейітқамал Тоқайұлының «Что сохранила моя память» атты естеліктер кітабы – оның өмірлік тәжірибесінің, ата-анасы тағдырының, замана сынынан өткен сезімдерінің көркем көрінісі. Тілі жеңіл, оқырманды баурайтын бұл еңбек басылып шығуға әбден лайық. Өйткені Сейіткамал Тоқаевтай азаматтың өмірі мен өнегесі бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңгі күнге аманат.
Вера Лазарева
Айна Бакимбаева