KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Өскеменде «Бізді біріктіретін естеліктер» халықаралық телекөпір форматындағы конференция өтті

5.05.2025, 18:30 571 Гульжан Мусина

Өскемен қаласындағы Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледжде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен КСРО-ның Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығына арналған «Бізді біріктіретін естеліктер» атты халықаралық телекөпір форматындағы конференция өтті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Шараны колледж жанындағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы ұйымдастырды. Конференция мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық ерлігі туралы тарихи жадымызды сақтау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және білім саласындағы көрнекті тұлғалардың еңбегін ұлықтау.

Іс-шараға Қазақстанмен қатар Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы сияқты көршілес елдердің білім беру ұйымдары қатысты. Қатысушылар қатарында колледждер мен мектептер, мәдениет және жастар саясаты мекемелері болды.

Конференция барысында оқушылар мен студенттер 16 баяндама ұсынып, соғыс жылдарындағы ерлікке толы оқиғаларды, майдангерлердің өмірі мен тылдағы еңбек туралы тың деректерді ортаға салды. Әйелдердің майдандағы және тылдағы ерлігі, Кеңес Одағы Батырлары жайлы да мазмұнды баяндамалар жасалды.

Шара қонағы, ШҚО Халықтар ассамблеясының мүшесі Р.С. Сейілқанова конференцияға арнайы қатысып, Құмаш Нұрғалиевке арналған «Сені еске алады Рига» атты жүрекжарды өлеңін оқыды.

Құмаш Нұрғалиевтің өмірі мен ерлігіне арналған баяндамалар да тыңдаушылардың көңілінен шықты. Ол – майданда ерлік көрсетіп, ауыр жарақат алғанымен, өмірден түңілмей, бейбіт күнде ел игілігі үшін еңбек еткен тұлға. Оның есімі тарихта жарқын істерімен, өшпес өнегесімен қалды.

Бұл телекөпір – тарихты ұмытпай, жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін сіңіруге бағытталған маңызды қадам болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу