Өскеменде дәстүрлі «Шырақ жағу» акциясы өтті

Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 78 жылдығы атап өтілді. Айтулы күнге орай еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар іс-шаралар легі жоспарланған болатын.
Облыс орталығында да 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай мерекелік концерт пен дәстүрлі түрде өтетін «Шырақ жағу» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, жыл сайын шаhардың мыңдаған тұрғыны Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарды құрметпен еске алуға жиналып, майданда қаза тапқан батырлардың құрметіне шырақ жағуды парыз санайды. Биыл да жауынгерлер құрметіне 7199 шам жағылған.
Данқ мемориалы алдындағы алаңда шамдардан бес бұрышты жұлдыз, ал ортасында Ұлы Жеңістің 78 жылдығының белгісі ретінде 78 саны қойылды.
«Шырақ жағу» акциясына қатысатын жандар үшін еріктілер бірнеше мың шам таратты.
Акция соңында өскемендіктер мерекелік салютты тамашалады.