Шығыс Қазақстанда ЖРВИ мен тұмау өршуіне байланысты мектептерде жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін
depositphotos.com
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы №6 қаулысына сәйкес, алда келе жатқан 2025–2026 жылдардың эпидемиялық маусымында білім беру ұйымдарында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 таралуын шектеуге бағытталған санитариялық-профилактикалық шаралар күшейтіледі, деп хабарлайды Altainews.kz.
Құжатқа сай, бір сыныптағы оқушылардың 20–30%-ы бір инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ белгілерімен ауырған жағдайда кабинет ішінде оқыту тоқтатылып, сынып 10 күн карантиндік бақылауға жабылады және бұл кезеңде жаңа оқушылар қабылданбайды. Ал сырқаттанушылық 30% және одан жоғары деңгейге жетсе, сынып уақытша онлайн оқыту форматына ауыстырылады.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер арасында тұмау жағдайларының күрт өсуі байқалады. ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, сондай-ақ өңірде «Гонконг» тұмауының 5 жағдайы тіркелгенін хабарлаған еді.
Осы ретте мамандар ата-аналарға сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Аурудың алдын алу үшін адам көп жиналатын жерлерге баруды шектеп, қоғамдық орындарда маска тағып жүру қажеттігін, үй жағдайында бөлмелерді жиі желдетіп, балалардың иммунитетін нығайту жұмыстарын жүргізу қажеттілігін алға тартады.
Сырқаттың алғашқы белгілер байқалғанда дереу дәрігерге барып, баланы үй жағдайында оқшаулау ұсынылады.