KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Өскеменде World Vocational College Skills 2025 байқауында қола жүлде еншілеген ШҚО студенттерін салтанатты түрде қарсы алды

17.11.2025, 18:30 427 Базарова Айгүл

Бүгін Қытайда өткен халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты – World Vocational College Skills Competition 2025 байқауында қола медальді еншілеген Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттерін жерлестері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

World Vocational College Skills – техникалық мамандарды дайындау саласындағы әлемдегі ең ауқымды іс-шаралардың бірі. Биылғы жарыс Тяньцзинь қаласында өткізіліп, оған 76 елден 33 мыңнан астам қатысушы және 8 956 команда қатысты. Жас мамандар заман талаптарына сай ондаған техникалық және өндірістік бағыттар бойынша біліктіліктерін көрсетті.

ШҚТУ командасы қатаң халықаралық бәсекеде жоғары кәсіби шеберлік, тың шешім қабылдау қабілеті мен төзімділік танытты. Бұл жетістік Қазақстандағы инженерлік білім беру деңгейінің жоғары екенінің айқын дәлелі.

«Сайыс бірнеше құзыреттілікті қамтыды: робототехника, жасанды интеллект, электромобильдер, шығармашылық бағыттар және басқа да пәндер. Біз ұзақ дайындалдық, ал чемпионат барысында тапсырмалар үнемі жаңарып отырды. Оларды жылдам, нақты және бірігіп шешу қажет болды. Осы қола медаль – біздің үлкен жолдағы алғашқы қадамымыз. Бұдан да биік нәтижеге жетуге барлық мүмкіндік бар деп ойлаймын», - дейді команда мүшесі Дмитрий Шунаков.

Өскемен әуежайында студенттерді университет өкілдері, курстастары және жақындары зор қуанышпен қарсы алды. Солардың бірі – қатысушының анасы Эрика Шунакова.  

«Менің ойымша, Дима өмірге инженер-механик болып келгендей. Ол бала кезінен техникаға құмар еді. Он алты жасында өзінің алғашқы «алтыжылдық» көлігінің моторын толықтай өзі бөлшектеп жинаған. Сол кезден бастап мен де осы әлемге қызығушылық таныттым. Қазір ол – магистрант әрі жас ғылыми қызметкер. Чемпионаттың тікелей эфирін жүрегім аузыма тығылып қарап отырдым. Балалар бар күш-жігерін салды деп ойлаймын», - дейді ол. 

Команда капитаны Ілияс Исақанов жартылай финал кезеңі аса шиеленісті өткенін айтты.

«Жартылай финалда жағдайлар да, тапсырмалар да жиі өзгеріп отырды. Демонстрациялық таныстырылым мәтінін де қайта жазуға тура келді. Біз іс жүзінде тәулік бойы жұмыс істедік. Финалға тек алты мықты команда жолдама алды», - деп атап өтті команда капитаны.

ҚР командасы, әсіресе, электромобильдерге арналған бағытта ерекшеленді. Бұл табыс үш жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан, Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының «Қазақстан – Орталық Азия» саммитіндегі бастамасы негізінде құрылған «Лу Бань» шеберханасындағы жүйелі дайындықтың жемісі болды. Мұнда заманауи автокөлік техникасы бойынша мамандар даярланады.

«Біз бастапқыда автомобиль агрегаттарын бөлшектеу-жинау және қызмет көрсету бойынша дайындалдық. Кейін жарысқа электромобильдерді терең диагностикалау қажет екені белгілі болды. Университеттегі «Лу Бань» шеберханасы бізге үлкен қолдау көрсетті. 2025 жылы заманауи жабдықтар, жаңа үлгідегі электромобильдер алдық. Қытайлық нұсқаушылармен бірлескен дайындық жоғары нәтиже берді. 76 команданың ішінде біздің студенттер үздіктер қатарынан көрінді. Егер жарыс таза «транспорт» бағыты бойынша өтсе, біз алтын алатынымызға сенімдімін», – дейді халықаралық инженерия мектебінің профессоры, «Транспорт, транспорттық техника және технологиялар» білім беру бағдарламасының жетекшісі Мұрат Мұздыбаев:

Бұл жеңіс техникалық мамандықтарды таңдаған жастарға жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі жаңа жобаларға жол ашты.


Роксана Глыбова

Жібек Нұрахмет 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу