Астанада Президенттік олимпиада басталды: ШҚО-дан үздік оқушылар қатысып жатыр
Астана қаласында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша ХVІІІ Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 11-12 сыныптың ең дарынды оқушылары қатысуда. Шығыс Қазақстан облысының шәкірттері де финалға жолдама алып, өңір намысын қорғап жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиада жас таланттарды математика, физика, химия және биология бойынша іріктеу, қолдау және кәсіби бағдарлауға бағытталған. Сонымен бірге олардың теориялық білімін тереңдетіп, практикалық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді.
Биыл сайыс үш кезең бойынша ұйымдастырылды.
– Өңірлік кезең 6 қазанда өтіп, оған ел бойынша 3544 оқушы қатысты.
– Іріктеу кезеңіне 414 оқушы жолдама алды.
– Екі кезеңнің нәтижесінде 201 оқушы республикалық финалға өтті.
Финалдық кезең 17-21 қараша аралығында өтеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
ШҚО оқушыларына сәттілік тілейміз!