Шығысқазақстандық оқушылар республикалық олимпиадада топ жарды
сурет ашық дереккөзден алынды
20-25 наурыз аралығында Шымкент қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті.
Білім бәйгесінде 9-11 сынып оқушылары бақ сынасты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Пәндік олимпиада – математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша болатын дәстүрлі зияткерлік сайыс. «1 компьютер – 1 оқушы – 1 камера» қағидаты бойынша өткізілетін олимпиаданың мектепішілік кезеңіне 282 090 оқушы, аудандық кезеңіне – 82 854, облыстық кезеңіне – 15 651 оқушы қатысты. Нәтижеде 907 жеңімпаз анықталды. Оның ішінде ғылым негіздері бойынша олимпиадалық резервтің 88 мүшесі бар екенін айтуымыз керек. Бес күнге созылған интеллектуалдық сайыстың ақтық кезеңі классикалық форматта өтті.
«Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытындысы шығарылды. Біздің облыстың командасы екінші орынды жеңіп алды. Қоржынымызда 4 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль, 3 грамота бар. Балаларымызды мақтан тұтамыз! Оқушылардың тыңғылықты дайындаған педагогтарға алғыс айтамыз! – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышова.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жүлделі орындардың жалпы саны 421 болды. Оның ішінде: алтын – 86, күміс – 127, қола – 208.