ШҚО әкімі: « Экология – біздің ортақ жауапкершілігіміз»
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз конференциясы барысында өңірдің экологиялық жағдайы да журналистер тарапынан өзекті мәселе ретінде көтерілді. Атап айтқанда, ауа сапасын бақылауға арналған 500 млн теңгеге алынатын жаңа станциялар туралы сұрақ қойылып, олардың тиімділігі мен өңір экологиясын жақсартуға қосатын үлесі талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің экологиялық ахуалы – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар – қысқа мерзімді емес, болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғауға арналған жүйелі жұмыс.
Әкімнің айтуынша, бұл жаңа жүйе өңірде алғаш рет ластаушы заттардың таралуын кешенді талдау мен болжауға мүмкіндік береді. Келесі кезеңде – өнеркәсіптік кәсіпорындардың өз датчиктерін қосу жоспарда бар. Бұл шекті рұқсат етілген концентрациядан асқан жағдайда жедел әрекет етуге жол ашады.
Сонымен бірге, биыл облыс әкімдігі, экология департаменті және ірі кәсіпорындар арасында алғаш рет үшжақты меморандум жасалды. Құжат мамандарға өндіріс нысандарына еркін кіріп, қажетті зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Жаңа станциялар экологиялық ақпаратты халыққа барынша нақты, ашық және қолжетімді етеді. Объективті деректерге сүйенсек, Өскемендегі ластанудың 59%-ы автокөліктен, 32%-ы өнеркәсіптен, қалғаны жеке сектор мен жылу қазандықтарынан таралады.
Соған қарамастан, әкімдік жауапкершілікті салаларға ысырып қоймай, өз тарапынан да жедел шаралар қабылдап отырғанын атап өтті. Желсіз ауа райы кезеңдерінде, яғни, ауа қозғалысы тоқтап қалған кезде, шығарындыларды 20–50%-ға дейін төмендету шаралары енгізілді. «Өскемен тынысы» атты экологиялық кеңес құрылып, онда апта сайын жағдай талданып, нақты шешімдер қабылданып отырады.
Бүгінде үш жылға арналған экологиялық жоспар іске асырылуда. Оның жалпы бюджеті – 10 миллиард теңгеден асады, соның 1,4 миллиард теңгесі атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған.
Дәурен Аллабергенұлы