Өскеменде сарбаздар адасқан баланы тауып, ата-анасына табыстады
Өскеменде №5518 әскери бөлімінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, адасып қалған баланы тауып, оны заңды өкілдеріне аман-есен жеткізді. Әскери жасақтың кәсіби және жылдам әрекеті оқиғаның жағымсыз салдарын болдырмауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Оқиға кешкі сағат 20:25 шамасында болған. Әскери бөлімге 5–6 жастағы баланың ата-анасынан адасып кеткені туралы хабарлама түсті. Баланың қолында нақты мекенжайы немесе ата-анасының аты-жөні туралы ақпарат жоқ еді. Қысқы киімде болған бала қатты тоңбағанымен, қорқып қалғаны байқалды. Бұл жағдай әскери қызметкерлерді дереу іздеу шараларын қолға алуға итермеледі.
Әскери жасақ дереу белгіленген аумақты түгел тексеріп, жақын маңдағы көшелер мен бақтарды аралады. Іздеу барысында әскери қызметкерлер әріптестерімен үйлесімді әрекет етіп, әр детальға мән берді.
Бұл оқиға әскери қызметкерлердің кәсіби дайындығы мен жауапкершілігін тағы бір рет көрсетті. Әскери бөлімнің баспасөз қызметі балалар мен олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беретінін атап өтті.
Баланың ата-анасы әскери қызметкерлерге алғыстарын білдіріп, олардың жылдам әрі үйлесімді әрекеті үшін ризашылықтарын жеткізді. Әскери бөлімнің кәсіби құрамы күн сайын осындай күтпеген жағдайларға дайын тұратынын айта кеткен жөн.
Фото: “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

