KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 3 м/с, З
519.61 610.13 6.54

І Еуразиялық онкология лидерлерінің форумы: ШҚО онкологтары мүмкіндіктерін көрсетті

23.11.2025, 09:00 165 Базарова Айгүл

Алматы қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркия мемлекеттерінің жетекші клиникалары мен онкология саласындағы беделді мамандарын бір алаңға тоғыстырған І Еуразиялық онкология лидерлерінің форумы өтті. Форумды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Халықаралық маңызы жоғары шараға Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сагидуллина бастаған мультидисциплинарлық делегация белсенді қатысты. Команда құрамында онкохирургия, радиациялық онкология, химиотерапия, диагностикалық бейнелеу және медициналық ғылым бағытында тәжірибесі мол мамандар болды.

Үш күнге созылған форум барысында қатысушылар роботтандырылған хирургия, 3D-хирургия, радиациялық онкология, прецизионды медицина, онкологиялық скринингтің жаңа әдістері, сондай-ақ науқастарды оңалту мен паллиативті көмектің заманауи стандарттары туралы ең озық ғылыми жетістіктер мен клиникалық тәжірибелерді талқылады.

Спикерлер қатарына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның жетекші онкологиялық орталықтарының профессорлары мен сарапшылары кірді. Халықаралық мамандар өз елдеріндегі инновациялық тәжірибелермен бөлісіп, өңірлік онкологиялық қызметті дамытудың ортақ тәсілдерін ұсынды.

Онкоорталық директоры Гүлмира Сагидуллина форумның ғылыми сессияларында белсенді пікір білдіріп, қазіргі уақытта Қазақстанда енгізіліп жатқан жоғары технологиялық онкологиялық көмек, кадрлық әлеуетті арттыру, өңірлік орталықтар арасындағы интеграция және халықаралық ғылыми коллаборациялар туралы баяндама жасады. Ол сондай-ақ заманауи онкологиялық көмектің басты талабы — нақты нәтиже, дәл диагностика және пациентке бағытталған медицина екенін атап өтті.

Форум қорытындысы бойынша Еуразия елдерінің жетекші онкологиялық орталықтары арасында бірнеше бағытта ынтымақтастықты тереңдету, ортақ ғылыми жобалар әзірлеу, клиникалық зерттеулер жүргізу және мамандар алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

І Еуразиялық онкология лидерлерінің форумы аймақтық деңгейдегі онкологиялық қызметтің сапасын көтеруге, тәжірибе мен білімді біріктіруге және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашқан маңызды халықаралық алаң ретінде есте қалды.


Фото: ШҚО КОжХО

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу