ШҚО жолдарында жүк көліктері мен автобустарға қозғалыс шектеледі
Шығыс Қазақстан облысында 24 қараша 2025 ж. сағат 13:30-дан бастап жол-климаттық жағдайларға байланысты екі негізгі бағытта – «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» және «Өскемен-Риддер-РФ шекарасы» жолдарында қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды Altainews.kz.
«КАЖсервис» ЖШС ШҚФ хабарлауынша, 24 қарашада жолдағы күрт нашарлаған ауа райы және жол-климаттық жағдайларға байланысты қауіпсіздік мақсатында қозғалыс шектеледі.
Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ бағытында, км 1104–1191 (учаске: Глубокое – Шемонаиха) қозғалыс сағат 13:30-дан бастап жүк көліктеріне (тіркемелі және жартылай тіркемелі) және жолаушылар автобустарына шектеледі. Жол ашылуы болжамды түрде сағат 21:30-да жоспарланған. Жолды тазалау жұмыстарына 8 техника және 17 қызметкер жұмылдырылған.
Өскемен-Риддер-РФ бағытында, км 15–105 (учаске: Белоусовка – Риддер) да дәл осындай шектеу енгізіледі. Жолды тазалау үшін 14 техника мен 25 адам жұмылдырылған.
Шектеудің себебі – көріну шектеулігі, күшті жел, қар және боран сияқты қолайсыз ауа райы, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Жол пайдаланушылардан қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, альтернативті бағыттарды пайдалану және ресми ақпарат көздерінен хабардар болуды сұраймыз.