Сауда министрлігі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған жаңа іс-шараларды талқылады
Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуін тежеп, нарықтағы тұрақтылықты сақтау мақсатында әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту, импорттың ашықтығын арттыру және өңірлермен жаңа алгоритм бойынша жұмыс жүргізу бағытындағы шаралар талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев инфляцияны тежеу және азық-түлік нарығын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, Қаржылық мониторинг агенттігі және өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңесте министр жыл басынан бері 160 негізгі азық-түлік тауарлары бойынша баға өсімі 11 пайызға жеткенін айтты. Дегенмен, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға индексі тұрақты қалып отыр: қараша айының үш аптасында өсім небәрі 0,1 пайызды құраған. Апта сайынғы мониторинг, өндірушілермен және сауда желілерімен тікелей жұмыс, мемлекеттік бақылау және тұрақты жәрмеңкелер баға ұстап тұруда тиімді болып отыр.
Сауда министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік қоржынының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту ұсынылуда. Жаңа тізімге көкөніс, жеміс-жидек, сүт, ет және балық өнімдерін енгізу көзделген. Бұл шекті сауда үстемесін кең ауқымды тауарларға қолдануға және делдалдық тізбектің ықпалын азайтуға көмектеседі. Тізбе мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен, салалық қауымдастықтармен және сауда желілерімен талқыланады.
Сондай-ақ өңірлер бойынша азық-түлік өнімдерін ірі көлемде импорттайтын компаниялар мен олардың жеткізушілерінің тізімі анықталды. Бағаны тұрақтандыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және импорт ашықтығын күшейту мақсатында орталық және өңірлік деңгейде келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр.
Талқылау барысында министр Арман Шаққалиев өңірлердің жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әр өңірге инфляцияға ең көп әсер ететін негізгі тауарлар тізімі ұсынылып, жаңа тәсілдің қағидаты түсіндірілетін болады.
Кеңесте жәрмеңкелер мен «Береке Fest» форматындағы кең ауқымды акцияларды жалғастыру мәселесі де талқыланды. Бұл шаралар халықты қолжетімді ет, көкөніс және басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтуға мүмкіндік береді. Астана тәжірибесіне сүйене отырып, арзандатылған еттің тікелей жеткізілімін кеңейту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Иран, Пәкістан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін жеңілдетілген тәртіппен импорттау тетігі сақталатыны хабарланды.