KZ
Өскемен
-19°
туман жел 3 м/с, В
506.7 593.14 6.53

Өткен тәулік ішінде Өскеменде 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді

25.11.2025, 12:30 108 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан аумағында ауа райы күрт құбылып, соққан қатты жел, жауған қалың қар мен көктайғақ салдары жол қозғалысының қатысушыларына айтарлықтай қиындық туғызуда. Мәселен, өткен тәулік ішінде бір ғана облыс орталығы – Өскеменде 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Қолайсыз күн райынан кеше кешке облыстық және республикалық маңызы бар бірқатар тас жолдарда қозғалыс уақытша шектелді. Бұрқасын мен көктайғаққа қарамай алыс жолға шыққан жүргізушілер мен жүк көліктері жолда қалып құтқарушылар қызметіне жүгінді. Төтенше жағдайлар қызметі, коммуналдық ұйымдар және Полиция департаменті бірлесе отырып, тәулік бойғы қызмет режиміне көшті.

Жағдайды бақылау және қызметтердің жұмысын үйлестіру мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков жолдардың бірқатар учаскелеріне барып, ахуалды жергілікті жерде бағалады. Жүргізушілерге арналған жылыну орындарынан қажетті өзге де көмек түрлері бойынша жауапты орындарға тапсырмалар берілді.

Ішкі істер қызметкерлері қар құрсауында қалған автокөліктерді шығарып, оларды қауіпсіз аймаққа жеткізуге жәрдемдесті. Сонымен бірге жол қызметтерімен бірлесіп, қар үйінділерін тазарту, тайғақ учаскелерге инертті материал себу, көріну қашықтығын жақсарту жұмыстары жүргізілді.

Қосымша патрульдік экипаждар шығарылып, көлік қозғалысын реттеу, қауіпті тұстарда жүргізушілерге кеңес беру шаралары күшейтілді.

Бұл ретте аймақ тұрғындары мен қонақтарына жолдағы сақтық шараларын сақтауға шақырған Полиция департаменті әрбір жүргізуші өз қауіпсіздігі үшін жауапты екенін еске салады.

— Ауа райы жағдайы ерекше назар мен мұқияттылықты талап етеді. Қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты сақтау, күрт маневр жасамау, жол белгілерін қатаң орындау – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың басты шарттары. Сапарды алдын ала жоспарлап, жол жағдайын ескеруді сұраймыз, – делінген ведомство үндеуінде.

Қар мен көктайғақ тек трассаларда ғана емес, қала көшелерінде де қиындық тудырды. Қиылыстарда, жаяу жүргінші өткелдері маңында қар тез жиналып, көлік ағыны баяулады. Көріну қашықтығы төмендегендіктен жүргізушілердің абайсыз әрекеті оқыс жағдайға, ал жаяу жүргіншілердің ережені сақтамауы қауіптің артуына алып келуі мүмкін. Осы себепті патрульдік полиция жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Синоптиктердің болжамы бойынша ауа райының құбылмалы сипаты алдағы күндері де сақталуы ықтимал. Сондықтан Полиция департаменті тұрғындарға сапарға шығарда ауа райы мен жол қозғалысы туралы ақпаратты алдын ала тексеріп, қажет болмаса алыс жолға шықпай, қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға кеңес береді.

ШҚО Полиция департаменті азаматтарға қай кезден бастап болсын жолда қиындық туындаса, 102 нөміріне немесе жақын маңдағы патрульдік экипажға хабарласуға болатынын еске салады. Қыс мезгілінде әрбір ереже, әрбір сақтық шарасы өмірді сақтап қалуы мүмкін.



Айдос Мырзахметов

Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу