KZ
Өскемен
-4°
переменная облачность жел 1 м/с, С
502.57 591.68 6.42

Қалдықтарды басқару жүйесі жаңғыртылуда – ШҚО

25.11.2025, 21:00 156 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында қалдықтарды басқару саласын жетілдіруге бағытталған жұмыстар күшейтіліп келеді. Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі экологиялық жағдай мен қалдықтарды қайта өңдеу мәселелеріне қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, қалдықтарды реттеу — өңір үшін стратегиялық маңызы бар бағыт.

«Өндірістік кәсіпорындардан 2 млрд тоннадан астам техногендік минералдық түзілімдер жиналған. Бұл қалдықтар заманауи есепке алуды, қауіпсіз сақтауды және қайталама айналымға тартуды талап етеді. Сонымен қатар облыс халқы жыл сайын 300 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар жиналады», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі ұсынған мәліметке сәйкес, осы міндеттерді шешу үшін ШҚО әкімдігі Германия, Қытай және Швейцариядан инвесторлар тартуды жоспарлап отыр. Өңірде қалдықтарды жинау, шығару және сұрыптау жүйесі жолға қойылған. 2026 жылдан бастап коммуналдық қалдықтарды басқару бойынша цифрлық орта құру көзделуде.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Сондай-ақ Үкімет отырысында қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы таныстырылды. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, жыл сайын елде шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Оның небәрі 25–26%-і қайта өңделеді. Әлиевтің айтуынша, қалдықтардың басым бөлігі экологиялық талаптарға сай емес полигондарға түседі. Бұл — қоршаған орта мен халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Тағам қалдықтары коммуналдық қалдықтардың 30–40%-ін құрайды. Алайда оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым еліміздің көп өңірінде жоқ. Ал құрылыс қалдықтарын көмуге заңмен тыйым салынғанына қарамастан, полигондарға түсіп, стихиялық қоқыстардың пайда болуына әкеліп отыр.

«Осылайша, қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы орайда барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді», – деді Жомарт Әлиев.

60 ЖОБАНЫҢ 22-СІНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН

Өткен жылы утиль алымдары есебінен қалдықтарды басқару саласына жеңілдетілген қаржыландыру тетігі іске қосылған. Бұл туралы Үкіметте Жомарт Әлиев баяндады. Жалпы 60 жоба мақұлданған, оның ішінде 8 жоба – 92 қоқыс таситын көлік сатып алуға, 19 жоба – жылына 2,3 млн тонна қуаты бар сұрыптау кешендеріне, 33 жоба – жылына 920 мың тонна қайта өңдеу объектілеріне арналған. 60 жобаның 22-сі қаржыландырылған. Жоба құны – 89,4 млрд теңге, ал жалпы жоспарланған қаржы – 185 млрд теңге. Вице-министрдің айтуынша, бұл жобалар қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында шетелдік инвестициялар есебінен қоқыс өртейтін үш зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі – 293 млрд теңге, құрылыс мерзімі — 2 жыл.

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАСЫМЕН ЖАҢА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛУДЕ

Ecojer қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов Үкімет отырысында жаңа тұжырымдаманың экология саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталғанын айтты.

«Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қалдықтарды өңдеу тізбегінің барлық кезеңіне бірыңғай цифрлық есеп енгізіледі, компаниялар қалдықтың түзілуінен бастап қайта өңделгенге дейін толық есеп береді, сұрыптау инфрақұрылымы кеңейтіледі, қайталама материалдарға жаңа стандарттар енгізіледі. Бұл шаралар полигондарға түсетін жүктемені азайтып, айналмалы экономикаға көшуге мүмкіндік береді. Қайта өңдеу бизнесі экономикалық жағынан тиімді болуы үшін тарифтік тетіктер жаңартылып, жаңа салалық заң қабылдануы мүмкін», – деді Рүстем Қабжанов.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТЫП, АҚША ТАБУҒА БОЛАДЫ

Үкімет отырысында 2026-2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы жобасын қарау барысында Премьер-министр Олжас Бектенов қалдықтардың жиналуы әлемдегі ең өзекті экологиялық проблемалардың бірі екенін атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банктің есептеріне сүйенсек, жыл сайын 2 млрд тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар пайда болады. Олардың басым бөлігі қайта өңделмейді. Сарапшылардың бағалауынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге артып, жылына 3,8 млрд тоннаға жетеді.

«Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Ол үшін қалдықтардың барлық түрін толықтай қайта өңдеу керек. Бізде ол тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің шамамен 25%-ын ғана құрап отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылып жатыр. Қазір инвесторлар анықталып, олармен тиісті келісімдер жасалды», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан қалдықтарды өңдеу саласында сапалы өзгерістер кезеңіне қадам басты. ШҚО-да шетелдік инвесторларды тарту, республикалық деңгейде жаңа заңдық және институционалдық тетіктерді енгізу, қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру — осының бәрі экологияны жақсартуға бағытталған жүйелі қадамдар.


Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: ҚР Үкіметі



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу