Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін 37 зауыт іске қосылады

сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі қаралды.
Өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткенін еске салды. Бұл қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін іске қосуға және қайта өңдеу қуаттарына қатысты.
Бүгінде 232 млрд теңгеден асатын 94 жоба іріктелген. Оларды іске асыру төсемтастарды, люктерді, қоқыс жәшіктерін, шыны ыдыстарды, стрейч пленкаларын және басқа да халық тұтынатын тауарлар шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлер арқылы 21 жоба пысықталды. Жобаларды іске асыру сұрыптау желілерінің қуатын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі қалалар мен ірі елді мекендерді қамтуға мүмкіндік береді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауытты жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл өңдеу көлемін жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің пайымдауынша, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Осыған байланысты қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті тетіктерін әзірлеу қажет.