KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 4 м/с, В
513.55 602.09 6.42

Қазақстан білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізілуде

depositphotos.com

26.11.2025, 15:00 174 Базарова Айгүл

Оқу-ағарту министрлігі жанынан білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша арнайы құрылған жұмыс тобы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан маңызды қадам. Осы аптада аталған құрылымның алғашқы басқосуы өтіп, жұмыстың барысы мен маңызы талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жұмыс тобының алғашқы отырысын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өткізіп, салаға жаңа технологияларды енгізудің жалпы бағытын таныстырды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң — еліміздің технологиялық дамуының жаңа белесін айқындаған құжат. Жасанды интеллект мұғалімнің артық жүктемесін азайтуға, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған көмекші құралға айналуы тиіс», — деді министр.

Отырыста жасанды интеллектіні оқу үдерісіне кезең-кезеңмен енгізу үшін этикалық стандарттарды бекіту, нормативтік базаны жетілдіру, инновациялық шешімдер арқылы білім сапасын арттыру, AI жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу бойынша мәселелер қаралды. Білім саласына жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмыс тобына Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева жетекші болып сайланды. Жалпы Қазақстан білім беру саласында жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында алдағы үш жылда Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөніндегі ауқымды міндет қойды. Бұл тапсырма – елдің стратегиялық бағытын айқындап қана қоймай, баршамызға үлкен жауапкершілік пен болашаққа деген зор сенім сыйлады. Президенттің осы прогрессивті идеяны әлемнің басты мінберлерінің бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы төрінен жариялауы еліміздің жаһандық үрдістерден тыс қала алмайтынын анық көрсетті. Бүгінгі таңда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану ұлттық басымдыққа айналып отыр. Бұл бағытта білім беру саласының рөлі ерекше.

Білім беру жүйесіндегі үлкен өзгерістер

Университеттерде жасанды интеллект – міндетті пән. Білім саласын цифрландырудың ауқымды бастамаларының бірі — жоғары білім жүйесінде жасанды интеллектіні оқыту. 2025–2026 оқу жылынан бастап жасанды интеллект еліміздің барлық жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде енгізілді. Қазіргі кезде Қазақстандағы 93 университет жасанды интеллектіні өздерінің оқу бағдарламаларына ресми түрде біріктіріп отыр. Бұл – болашақ мамандардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен бірге 20 жоғары оқу орны осы салада сұранысқа ие 25 жаңа білім беру бағытын ашып, мамандар даярлаудың жаңа моделіне көшті. Бұл шешім еңбек нарығына да тікелей әсер етеді. Алдағы жылдары жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын, деректерді талдайтын, жаңа технологияларға бейім инженерлер, педагогтер, медицина және бизнес мамандарының сұранысы арта түспек.

Жаңа кезеңнің бастамасы

Жасанды интеллект бүгінде тек ғылыми сала емес, экономикалық өсімнің, әлеуметтік прогрестің және жаһандық бәсекенің негізгі факторы. PwC болжамы бойынша, 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ-ге шамамен 15,7 трлн АҚШ долларын қосады, бұл қазіргі әлемдік экономика көлемінің 14%-ына жуық. 2023 жылғы «McKinsey» есебі бойынша ЖИ өнімділікті арттыру және шығындарды азайту арқылы әр салада 20–30% тиімділікке қол жеткізуі мүмкін екені айтылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану — білім беру сапасын арттырудың негізгі тетігі. Қазақстан бұл бағытта батыл қадам жасап, технологиялық өрлеуге жаңа серпін беріп отыр. Алдағы жылдары қазақстандық мектептер мен университеттер оқыту процестерін автоматтандыру, жеке оқу траекторияларын қалыптастыру, цифрлық платформаларды кеңейту сияқты міндеттерді кезең-кезеңмен жүзеге асыратын болады. Жасанды интеллект – мұғалімді алмастыру құралы емес, оның күнделікті жұмысын жеңілдететін, оқушының мүмкіндігін кеңейтетін көмекші технология. Бұл – Қазақстанның болашаққа жасаған стратегиялық таңдауы.


Қуаныш Рахметоллаұлы





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу