KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
501.02 597.27 6.59

Ерекше балаларға арналған алғашқы қазақтілді қосымшалар таныстырылды

28.11.2025, 11:00 166 Ержан Әбіш

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған алғашқы қазақтілді мобильдік қосымшалар – «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» ресми түрде таныстырылды. Инклюзивті білім беруді қолдауға арналған бұл цифрлық өнімдер 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары әзірлеген. Жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Есенғұлова бастаған ғылыми топтың негізгі мақсаты – денсаулығына байланысты үйден оқитын, даму ерекшеліктері бар немесе әлеуметтену мүмкіндігі төмен балаларға қолжетімді әрі қолайлы білім беру ортасын жасау. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі сапалы, тартымды, заманауи әрі педагогикалық тұрғыдан тиімді контентке сұраныс жоғары екені анықталды. Осыған байланысты топ балалардың сөйлеу, танымдық, коммуникативтік қабілеттерін дамытуға бағытталған интерактивті материалдар әзірлеуге ден қойды.

Соңғы жылдары Ақтөбе облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының артуы педагогтар мен логопед мамандарға түсетін жүктемені көбейтіп, қазақ тіліндегі арнайы цифрлық ресурстардың тапшылығын айқын көрсеткен. Осы қажеттілікке жауап ретінде жасалған «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» қосымшалары логопедиялық жаттығуларды, ойын элементтері енгізілген тапсырмаларды, көрнекі визуалды материалдар мен сапалы аудиожазбаларды қамтиды.

Тәжірибелік апробация кезеңі «Ақбота» арнайы балабақшасында және өңірдегі Сөйлеу орталығында өтті. Нәтижесінде балалардың сөздік қорының молайғаны, дыбыстарды дұрыс айту дағдыларының қалыптасқаны, сөзді түсіну қабілетінің артқаны және байланыстырып сөйлеу деңгейінің жақсарғаны анықталды. Педагогтар жаңа қосымшалардың күнделікті түзету жұмыстарына қолайлы әрі ыңғайлы екенін, ең бастысы – балалардың қызығушылығын оятып, белсенді қатысуына ықпал ететінін атап өтті.

Ата-аналар да бұл бастаманы жылы қабылдады. Қазақ тілінде қолжетімді сапалы цифрлық құралдардың пайда болуы үй жағдайында түзету жұмыстарын жүйелі жүргізуге, баланың дағдыларын бақылап отыруға мүмкіндік берді. Мамандардың пікірінше, қосымшалар балалардың оқу мотивациясын күшейтіп, инклюзивті білім беру ортасын цифрландыруға жаңа серпін берді.

Жоба нәтижесінде пайда болған екі мобильдік қосымша – өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға үлес қосатын отандық өнім. Қазақ тіліндегі алғашқы әрі инновациялық цифрлық құралдар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білімге қолжетімділігін кеңейтіп, педагогтар мен ата-аналар үшін тиімді шешімге айналып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу