«Казцинк» демеушілігімен дефектологтарға арналған кәсіби үстел Ұлан ауданында орнатылды
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жасаған дефектолог мамандарға арналған алғашқы отандық кәсіби үстел Ұлан ауданындағы педагогикалық қолдау және түзету кабинеті үшін орнатылды. Жобаны қаржыландыруды «Казцинк» компаниясы жүзеге асырды. Бұл құрал балаларға заманауи әдістемелер бойынша сапалы түзету сабақтарын алуға мүмкіндік береді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске сала кетсек, ШҚУ ғалымдары мен арнайы білім беру саласының мамандары «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған ғылыми жобаларды коммерцияландыру байқауында жеңіске жеткен. Жобаны Досым Ерболатұлы жетекшілік еткен топ жүзеге асырды. Команда құрамында Рауан Байчинов, Алима Алипова, Салтанат Адиканова, Мадина Ауренова және Сауле Жакупова бар.
Жоба нәтижесінде бес патент және 14 авторлық куәлік алынған. Оның ішінде дефектологтарға арналған кәсіби үстел ерекше орын алады. Бұл құралдың негізгі ерекшеліктері:
• сенсорлы монитор және дефектологтарға арналған авторлық бағдарламалармен жабдықталған;
• қазақ және орыс тілдерінде әдістемелік материалдармен толықтырылған;
• автоматтандырылған жүйемен қамтылған;
• арнайы білім беру ұйымдары тарапынан мақұлданған.