Аквамәдениет: ШҚО 2030 жылға қарай 10 мың тонна тауарлы балық өндірмек
Табиғат қазынасына бай Шығыс Қазақстан балық өсіру саласына да басымдық беріп отыр. Өңір су қоймаларындағы әлеуетті толық игеруді көздеп, аквамәдениетті дамытуды стратегиялық бағытқа айналдырған. Қазір облыс балық өсіру көлемін еселеп арттыруға кірісті, 2030 жылға қарай нарыққа жыл сайын 10 мың тоннаға жуық сапалы балық шығару – нақты жүзеге асырылып жатқан мақсат, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Расында да, Шығыс Қазақстанда балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімдігі мен тиісті басқармалар соңғы жылдары аквамәдениет саласын жандандыруға бағытталған нақты бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау шараларын іске асырып келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңыда өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың жолдары туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылғы 5 сәуірде Үкіметтің №208 қаулысымен бекітілген болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты – 2030 жылға қарай облыста жыл сайын 9774 тонна саудаға арналған балық алу. Оның ішінде 8578 тонна албырт тұқымдас, 1151 тонна тұқы тұқымдас және 45 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері бар.
Тауарлық балық өсірудің негізін сапалы жем мен шабақтар құрайды. 2030 жылға қарай жемге қажеттілік шамамен 15 мың тоннаға жетеді: албырт тұқымдас балық түрлеріне – 10,2 мың тонна, тұқы тұқымдас балық түрлеріне – 4,6 мың тонна, бекіре тұқымдас балық түрлеріне – 67 тонна. Өңірдегі шаруашылықтар шетелдік жемді пайдаланады, негізінен Дания мен Польшадан алады. Осы жылдың алғашқы 9 айында 720 тоннасы жеткізілген. Ал тұқы тұқымдас балық түрлері үшін жергілікті жемдер қолданылады.
Мерхат Әміровтің айтуынша, шабақтарға деген қажеттілік 16 миллион дананы құрайды. Бұл мақсат үшін өңірде отандық өндірушілер өз ісін жолға қойған. Қазіргі кезде «Шығыс Универсал» ЖШС және «Гранд Фиш» ЖШС форельдің шабақтарын өндіретін инкубациялық цехтарға ие. Биыл 2,3 миллион дана шабақ өндірілді. «ОстФиш» ЖШС өз өндірісінен алынған 250 мың дана бекіре шабағын инкубациялады, жылдық қуаты – 500 мың дана. Осылайша, өңірлік кәсіпорындар облысты шабақпен тұрақты қамтамасыз етуде.
Мемлекеттік қолдау да айтарлықтай деңгейде көрсетілуде. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі кәсіпорындарға 130,5 миллион теңге субсидия берді. Жыл соңына дейін қосымша 138,9 миллион теңге субсидия бөлу көзделген, жалпы көлемі 269,4 миллион теңгеге жетеді. Сонымен қатар осы жылы балық шаруашылықтарының инвестициялық шығындарын субсидиялау үшін 7,4 миллион теңге қаражат бөлінді. Былтыр бұл бағыттағы субсидия көлемі 449 миллион теңгені құраған: 25 миллион теңге инвестициялық субсидияларға, 424 миллион теңге аквамәдениетті қолдауға бағытталған-ды.
Осылайша, Шығыс Қазақстан балық шаруашылығын дамытуға жүйелі түрде кірісіп отыр, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, ал заманауи технологияларды енгізу мен отандық өндірісті дамыту арқылы өңірдегі аквамәдениет саласы жаңа белестерге көтерілмек.