ШҚО-да 10,9 млн көшет отырғызылды
pexels.com
Өңірдегі орман қорын молықтыру мақсатында жыл сайын көшет отырғызу мен балық шаруашылығын дамытудың жылдық жоспары бекітіледі. Бұл туралы ШҚО ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жергілікті биоәртүрлілікті сақтау – оның бірегей экожүйелерін қалпына келтіріп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің ұзақ мерзімді өмір сүруін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Өңір экологиясын жақсартуға бағытталған үш жылдық Жол картасы аясында облыс аумағындағы елді мекендерді көгалдандыруға арналған аймақтық жоспар бойынша 39,3 мың көшет бөлінді, оның 6,8 мың данасы Өскемен қаласында отырғызылды. Сонымен қатар, орманды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайту мақсатында орман шаруашылықтары мемлекеттік орман қоры аумағындағы 2077 гектар жерге қосымша 10,9 млн көшет отырғызды.
Облыс бойынша балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда.
2024 жылы өңірлік Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары 173 қоғамдық тыңдау өткізіп, II санаттағы объектілерге қатысты 53 рұқсат қағазын берді. Нәтижесінде, 103 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы әзірленді.
Арайлым Орсаринова