KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 3 м/с, В
476.27 515.47 5.41

ШҚО-да тауарлы балық шаруашылығы дами түседі

27.10.2023, 19:09 195 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысында 2030 жылға қарай  жыл сайын 9 774 тонна тауарлы балық алу жоспарланып отыр. Оның ішінде 8 578 тонна албырт, 1 151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері бар.

 Облыс әкімдігінің отырысында тауарлы балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.  

Албырт тұқымдас балық түрлері (форель) бойынша өсірілген тауарлы балық көлемінің артуына қолданыстағы екі форель шаруашылығының («ШығысУниверсал» ЖШС, «ГрандФиш» ЖШС) өндірісін кеңейту және Бұқтырма су қоймасы таулы бөлігінің 7 учаскесінде баламалы жаңа торлы желілерді құру; тұқы тұқымдас балық түрлері бойынша 15 көлдің тауарлы балық өсіру көлемін 378 тоннаға жеткізу және бір тоған шаруашылығын («Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС, қуаты – 773 тонна) жобалық қуатына жеткізу; бекіре тұқымдас балықтар бойынша жұмыс істеп тұрған бассейндік бекіре шаруашылығы («ОстФиш» ЖШС, қуаты – 45 тонна) есебінен қол жеткізілетін болады.

2021-2022 жылдары өсірілген тауарлы балықтың көлемі бойынша жоспар толық орындалды. Өткен жылы 1491 тонна өсірілді.

Тауарлы балық өсірудің негізі – жем мен балық шабағының болуы.

2030 жылға қарай жемге деген қажеттілік шамамен 15 мың тоннаны құрайды.                   

Албырт және бекіре тұқымдас балықтар үшін Дания мен Финляндия өндірген импорттық жем қолданылады.

2030 жылға қарай балық шабағына қажеттілік 16 млн дананы құрайды.

Ағымдағы жылға инвестициялық салымдар кезінде аквамәдениет субъектілері шығыстарының бір бөлігін өтеу үшін республикалық бюджеттен 547 млн теңге сомасында субсидиялар бөлінді. 

2022 жылдан бастап аквамәдениет саласындағы мемлекеттік қолдау тізбесі жергілікті бюджеттен өтелуге жататын субсидиялардың 5 түріне дейін кеңейтілді. Олар жемшөп, балық шабағы, дәрілік заттар, аналық балықтар сатып алуға, биологиялық негіздеме жасауға жұмсалуда.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Ұлан және Глубокое аудандарында халықты қолжетімді балық өнімдерімен қамтамасыз ету үшін пайдаланылуы мүмкін табиғи және жасанды су айдындарының көп екенін атап өтті. Алайда, ауыл халқы мен жастарды бизнесті құру және дамыту үшін қолдау жөніндегі бірқатар мемлекеттік бағдарламаларда балық шаруашылығы саласы қамтылмаған.

Аталған аудандардың әкімдеріне ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларымен, «Ертіс» ӘКК-мен бірлесіп балық шаруашылығы жобаларын мемлекеттік қолдау бағдарламаларына енгізу мәселесін қарастыру тапсырылды.

Сондай-ақ өңір басшысы тиісті басқармаларға бүгінде Еуропадан сатылып алынатын албырт және бекіре балықтарының түрлеріне арналған жем өндірісін құру мәселесін қарастыруды жүктеді.

– Ертіс бассейні – елдегі үшінші ірі балық шаруашылығы бассейні. Су экожүйесін, сирек кездесетін жойылып кету қаупі төнген және бағалы балық түрлерінің популяциясын сақтау үшін жағдай жасау қажет. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп сирек кездесетін жойылып кету қаупі төнген және бағалы балық түрлерінің популяциясын толықтыру мәселесін қарауды тапсырамын, – деп тапсырма жүктеді Ермек Көшербаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив