ШҚО-да үздік тәрбиешілер анықталды: «Үздік балабақша тәрбиешісі – 2025» облыстық байқауы
Мектепке дейінгі тәрбие – баланың тұлға болып қалыптасуындағы ең алғашқы әрі ең маңызды баспалдақ. Тәрбиешінің бір ауыз жылы сөзі, бір сәттік қолдауы, мейірімді көзқарасы – адам өмірінің бүкіл бағытын өзгерте алатын күш. Осы бір жауапты да ізгілікті мамандықтың қадір-қасиетін арттырып, үздік педагогтарды кеңінен таныту мақсатында Шығыс Қазақстанда дәстүрлі «Үздік балабақша тәрбиешісі» облыстық байқауы өтті. Іс-шара ШҚО Білім басқармасының «Örken» өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығының 2025 жылға арналған жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Биылғы байқау ерекше атмосферада өтті: әр ауданнан келген тәрбиешілер тек кәсіби шеберліктерін ғана емес, баламен жұмыс істеудегі өз жүрек жылуын, өзіне тән әдістемелік қолтаңбасын, жаңашыл ойларын паш етті. Өңірдің 12 ауданы мен қаласынан 13 тәрбиеленушіге арналатын педагог қатысып, шығармашылығы мен тәжірибесін ортаға салды. Байқау барысында кәсіби диалог өрістеп, идеялар тоғысты, жаңа ізденістерге деген жігер артты.
Қазылар алқасы үміткерлердің кәсіби құзыреттілігіне, сабақты ұйымдастыру шеберлігіне, педагогикалық жаңашылдығына, шығармашылық әлеуетіне баса назар аударып, нәтижесінде үздік тәрбиешілерді анықтады.
Бас жүлдені Өскемен қаласынан келген Сағатбекова Жанар Мұхаметқазықызы жеңіп алып, өз өнері мен педагогикалық шеберлігі арқылы көптің ықыласына бөленді. Оның жұмысы – шәкірт жүрегіне жол таба білетін, кәсібін шын сүйетін маманның жарқын мысалы.
1-орынды Зайсан ауданынан Алдыбаева Гүлнұр Нұрланқызы, сондай-ақ Күршім ауданынан Алтай Қайнар иеленді. Олар өз тәжірибесі арқылы тәрбие саласының жаңаша бағытын көрсете білді.
2-орынға Тарбағатай ауданынан Байсолтанова Айнұр Канатқызы, Өскемен қаласынан Тоғжанова Жадыра Өмірзаққызы, Катонқарағай ауданынан Макишева Гүлнара Мұратбекқызы лайық деп танылды.
3-орын Үлкен Нарыннан Сүлейменова Әсем Тілеубекқызы, Марқакөлден Құсан Мунира, Алтай қаласынан Халтурина Елена Геннадьевна еншіледі.
Жыл сайынғы дәстүрге сай, байқау барысында арнайы номинациялар да табысталды. Бұл – әрбір тәрбиешінің өзіндік ерекшелігін танытуға берілген мүмкіндік.
• «Креативті тәрбиеші» – Которов Владислав Евгеньевич (Риддер)
• «Шығармашыл тәрбиеші» – Даулетхан Алмагүл (Самар)
• «Заманауи тәрбиеші» – Болатова Қарақат Болатқызы (Глубокое)
• «Өнерлі тәрбиеші» – Сейітнасимова Назира Ризабекқызы (Ұлан)
Әрқайсысы өз кәсіби әлемін көрерменге ерекше формада жеткізіп, білім мен тәрбие ісіне деген сүйіспеншілігін дәлелдеді.
Бұл байқау – жай ғана кәсіби дода емес, мектепке дейінгі білім беру саласының мәртебесін биіктететін, тәрбиешілердің қоғамдағы орнын айшықтайтын маңызды оқиға. Балдырғанның алғашқы ұстазы – тәрбиеші. Оның білімі мен білігі, жүрегі мен мейірімі арқылы болашақтың негізі қаланады.
ШҚО Білім басқармасының «Örken» орталығы олардың еңбегін дипломдар мен мадақтамалармен марапаттап, шығармашылық ізденістеріне жаңа дем берді.




