Тәрбиелеудің тың тәсілі: Шығыстың педагогтері – жаңашылдық жаршысы
Шығыс Қазақстан облысында мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің IV аймақтық жиыны өтті. Бұл басқосу – ерте жастан білім мен тәрбиенің сапасын арттыруға бағытталған тәжірибе, идея және әдіс алмасудың маңызды алаңы болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталмыш жиын биыл қазан айында облыстық білім басқармасына қарасты «Örken» өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығының жылдық жоспары аясында ұйымдастырылды. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам педагог қатысты.
Басқосудың басты мақсаты – балабақша тәрбиешілері мен меңгерушілерінің еңбегін бағалау, кәсіби беделін арттыру, ынтымақтастық байланысын кеңейту және мектепке дейінгі білім беру саласында шығармашылық ізденісті қолдау. Слет аясындағы тәжірибелік алаңдар Зайсан қаласындағы «Ертөстік», «Еңлік» және «Алтай шың» балабақшаларында ұйымдастырылып, мұнда тәрбиешілер өз шеберлігін танытып, балғындармен жұмыс істеудің авторлық әдістемелерін ұсынды.
«Сауыр» орта мектебінде өткен дөңгелек үстелде аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері мектепке дейінгі тәрбиені жаңғыртудың өзекті бағыттарын талқылады. Қатысушылар баланың жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ететін инновациялық тәсілдерді – ойын арқылы оқыту мен цифрлық технологияларды кеңінен енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын шымылдығы Зайсан ауданының балабақша тәрбиеленушілерінің орындауындағы «Бақытты балалық шақ» атты музыкалық композициямен ашылды. «Örken» орталығының өкілдері жиналғандарға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие жүйесін қалыптастыруға зор үлес қосқан ардагер педагогтерге құрмет көрсетілді.
Аймақтар мен қалалардан келген командалардың шығармашылық байқауы ерекше әсер қалдырды. «Мектепке дейінгі жастағы балалардың кәсіби бағдарында инновациялық әдістерді тиімді пайдалану жолдары» тақырыбында өткен таныстырылымдар мазмұн тереңдігімен, идея байлығымен және практикалық бағыттылығымен көзге түсті.
Тәуелсіз комиссияның шешімімен Гран-при иегері атанған Өскемен қаласының командасы үздік деп танылды. Бірінші орынды Зайсан, Үлкен Нарын және Алтай аудандарының ұжымдары бөлісті. Екінші орынды Катонқарағай мен Ұлан аудандары, үшінші орынды Риддер, Күршім және Тарбағатай аудандары иеленді.
Арнайы номинациялар бойынша «Өжет команда» – Марқакөл ауданына, «Шығармашыл команда» – Глубокое ауданына, ал «Ұйымшыл команда» – Самар ауданына бұйырды. Белсенді қатысушылар мен үздік ұжымдар алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.
Іс-шара қорытындысында «Örken» орталығының әдіскерлері педагогтардың жоғары деңгейін, олардың жаңашылдыққа деген ұмтылысы мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мамандардың пікірінше, шығармашылық бастама мен ізденіс – Шығыс Қазақстандағы мектепке дейінгі білім берудің болашақтағы ілгері дамуының басты кепілі.
Форум соңында қатысушылар бірлескен онлайн алаң құруға уағдаласты. Онда әдістемелік материалдар, жаңа бағдарламалар мен заманауи кейстер тұрақты түрде алмасып отыратын болады. Алдағы уақытта өңірде балабақша тәрбиешілеріне арналған оқыту семинарлары мен цифрлық және шығармашылық әдістемелерді енгізу жөніндегі ұсынымдар әзірленбек.
IV аймақтық жиыны (слет) – Шығыс Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру жүйесі үздіксіз даму үстінде екенін айқын көрсетті. Ол жаңарып, өркендеп, жас ұрпақ тәрбиесінің жаңа парағын ашып келеді.
Фото: ШҚО білім басқармасы



