KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, Ю
514.31 603.03 6.4

«Даму» қоры цифрлық теңгемен алғашқы несие берді

3.12.2025, 11:00 112 Ержан Әбіш

Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдау жүйесінде маңызды жаңалық болды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Қазақстан Ұлттық банкінің қолдауымен «Өрлеу» бағдарламасы шеңберінде цифрлық теңгемен алғашқы несиені рәсімдеді. Жылдық мөлшерлемесі 12,6% болатын несие Halyk Bank арқылы павлодарлық кәсіпкер Виталий Крембергке берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Цифрлық теңге форматында несие алған алғашқы кәсіпкер – Павлодар облысындағы Виталий Кремберг. Ол үй жануарларының түбегіне арналған экологиялық таза түйіршік-абсорбент өндіретін кәсіпорын салуды қолға алуда. Жоба жануарларға арналған өнімнен бөлек, құрылыс, ауыл шаруашылығы және экологиялық мақсаттарға қолданылатын материалдарды шығаруды да қамтиды. Мәселен, жанар-жағармай төгілген жағдайларда салдарды жоюға арналған абсорбент өндірісі іске асырылады.

Кәсіпкер өндіріс үдерісін автоматтандыруға және инновациялық технологияларды енгізуге ден қойып отыр. Сол себепті ол заманауи қаржылық құрал – цифрлық теңгемен берілетін несиені таңдаған.

Жаңашыл қаржылық өнім кәсіпкерлер үшін бірқатар қолайлы мүмкіндік береді: толық онлайн рәсімделеді; өтінімдер жылдам қаралып, қаражат қысқа мерзімде есепшотқа түседі; мемлекеттік бағдарламалардың барлық шарттары ашық әрі жариялы түрде орындалады; салықтық тексеріс жүргізілмейді, бұл әкімшілік кедергілерді азайтады; ҚҚС қайтару мерзімі 55-75 күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.

Кәсіпкер 12,6% мөлшерлемемен 7 жылға 250 млн теңге көлемінде инвестиция тартып отыр. Бұл қаражатқа жер телімі сатып алынып, жаңа өндіріс ғимараты салынып, заманауи жабдықтар орнатылады. Жоба іске қосылған алғашқы жылы 10 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндіріс қуаттылығы жылына 1200-1400 тонна өнім шығаруға жетеді деген болжам бар.

Несие «Даму» қоры мен Halyk Bank арасындағы «Өрлеу» бағдарламасы аясында цифрлық теңгемен рәсімделді. Цифрлық теңге – тек Қазақстан Ұлттық банкі шығаратын ұлттық валютаның электрондық нұсқасы.

Бағдарламаға қатысқысы келетін кәсіпкерлер «Даму» қорының серіктес банктеріне жүгінуі қажет. Қазіргі уақытта өтінім қабылдайтын ЕДБ тізімі мынадай: Halyk Bank, ЦентрКредит Банк, ForteBank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Freedom Bank, Nurbank, Bank RBK, KZI Bank.

Кәсіпкерлер несиеге қосымша Қордың кепілдігін де пайдалана алады.

Бағдарлама шарттары және өңірлік филиалдардың деректері туралы толық мәліметті 1408 байланыс орталығынан немесе www.damu.kz сайтынан білуге болады.

Бұл оқиға – Қазақстанда цифрлық қаржылық құралдарды пайдалану бойынша маңызды қадам. Жаңа форматтағы несиелер кәсіпкерлерге уақыт үнемдеуге, шығындарды азайтуға және бизнесін заманауи тәсілмен дамытуға мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу