KZ
Өскемен
-20°
пасмурно жел 1 м/с, С
514.31 603.03 6.4

Марқакөл ауданында жаңа өндіріс іске қосылды – ШҚО

11.12.2025, 09:00 112 Базарова Айгүл

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Марқакөл ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған жаңа өндіріс орны іске қосылды. «Бекзат 2024» ауыл шаруашылық өнер кәсібі «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен жем-шөп өндіретін цехқа қажетті заманауи жабдықтар алып, толық циклды қолданысқа енгізді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылдық өңірлерді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсететін жобалардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жаңа нысанның ресми ашылуына Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев қатысып, өндірістің аймақ үшін маңызын атап өтті.

– «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру – біздің өңірдің стратегиялық бағыты. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін сапалы жем-шөптің қолжетімді болуы – өте маңызды. Жаңа цехтың іске қосылуы ауданның жалпы экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Мұндай жобалар арқылы ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, нақты қолдау көрсетіліп отыр», – деді аудан басшысы.

Өндіріс орнын ашқан кәсіпкер – Данияр Оразиманов. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша төмен пайызды несие алып, жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алғанын айтады.

– «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне үлкен серпін беріп отыр. Алған несиенің арқасында заманауи жабдықтар сатып алып, толыққанды өндіріс орнын аштым. Алдағы мақсат – аудан шаруалары мен тұрғындарын сапалы жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету және өндірістің ауқымын кеңейту», – деді кәсіпкер.

Жаңа цехтың іске қосылуы Марқакөл ауданының аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруаларға үлкен қолдау болмақ. Жем-шөп өндірудің жолға қойылуы мал шаруашылығының өнімділігін арттырып, аудан экономикасына қосымша серпін береді. Бұған қоса, жаңа өндіріс бірнеше жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, ауылдағы еңбек нарығына да оң ықпал етпек.

Жоба алдағы уақытта өңірдегі ауыл шаруашылығы кооперативтерімен бірлесе жұмыс істеп, өнім көлемін жыл сайын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу