KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Глютенсіз өнім өндіретін жаңа цех ашылды – ШҚО

13.11.2025, 14:30 634 Базарова Айгүл

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл кәсіпкері сапалы, экологиялық таза өнім өндірісін жолға қойды. Шемонаихалық кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, глютенсіз нан-тоқаш өнімдерін өндіретін заманауи цех ашты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шығыс Қазақстанның шырайлы өңірлерінің бірі – Шемонаихада тұратын кәсіпкер Полина Висмер өз арманын жүзеге асырып, аудан экономикасына тың серпін берді. Ол «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, глютенсіз нан-тоқаш өнімдерін өндіретін заманауи цех ашты.

Айта кетейік, аталған жоба мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлік экономиканы дамыту. Бұл бастама бүгінде көптеген ауыл кәсіпкерлері үшін нақты мүмкіндікке айналып отыр

Полина Висмер аталмыш бағдарлама арқылы 9,23 миллион теңге көлемінде 2,5 пайыздық несие алып, Қазақстан мен Ресейден арнайы жабдықтар сатып алған. Қазір Шемонаихадағы жаңа өндіріс орнында глютенсіз және диеталық нан-тоқаш өнімдері үздіксіз дайындалып, тұтынушыларға жол тартуда.

«Мен ұзақ жылдар бойы денсаулыққа пайдалы, глютенсіз өнім шығаруды армандадым. Бұл тек бизнес емес – қоғамға пайдалы іс. Себебі бүгінде дұрыс тамақтануға мән беретін адамдар көп. «Ауыл аманаты» жобасының арқасында бұл ой нақты іске асты. Қазір біздің цех толық қуатында жұмыс істеп тұр. Басты мақсатымыз – табиғи әрі сапалы өнім өндіру», – дейді кәсіпкер Полина Висмер.

Жаңа цехта сағатына 144 бөлке нан, ал тәулігіне 2500 данаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік бар. Өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған: ТММ-330.02 нан илейтін машина, қуатты конвекциялық пеш, арнайы арбалар, алюминий табалар мен нан қалыптары орнатылған. Мұнда глютенсіз өнімдермен қатар дәстүрлі нан түрлері де пісіріледі.

Қазіргі таңда кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін үлкен әлеуметтік қолдау, ал өңір экономикасы үшін – қосымша табыс көзі. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім түрлерін көбейтіп, жаңа сорттар мен дәмдік бағыттар шығару арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Шемонаиха тұрғындары үшін бұл жаңа цех – тек өндіріс орны емес, ауыл әлеуетін көтерудің жарқын үлгісі.

«Ауыл аманаты» сияқты жобалар – ауылдағы іскер азаматтарға сенім ұялатып, нақты нәтиже беріп отырған, мемлекет тарапынан бағытталған қолдау бағдарламалары.

Сондықтан да Полина Висмердің табысты тәжірибесі – елдегі ауыл кәсіпкерлігінің дамып келе жатқанының айғағы. ШҚО-ның Шемонаиха қаласында басталған бұл бастама енді өзге өңірлерге үлгі болары сөзсіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу