Өскеменде «Құқықтық тәртіп»: пробация қызметкерлері қоғамдағы сенімділікті нығайтуда
Өскемен қаласының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Бұл шара тек бақылау ғана емес, ол есептегі азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың өмір жолында дұрыс бағыт таңдауына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметі бұл жұмысты ұдайы жүргізіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шараға жетекшілік ететін бөлім бастығының орынбасары, әділет капитаны Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, профилактикалық рейдтердің басты миссиясы – құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Рейдтік жұмыстар күн сайын жүргізіледі. Қызметкерлер есептегі азаматтардың мекенжайына барып, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған әңгімелесулер өткізеді. Бұл процесс арқылы олар азаматтарды қоғамдағы жауапкершілікке, заңға бағынуға шақырады, қылмыстың қайталануына жол бермеу үшін нақты кеңестер береді.
Сол жағалау аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, аға лейтенант Каим Ожиканов профилактиканың тиімділігін атап өтті.
Сонымен қатар, профилактикалық іс-шара аясында полиция, жұмыспен қамту орталықтары және әлеуметтік қызметтермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Бұл кешенді жұмыс есептегі азаматтарға бақылау мен әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың қоғамға қайта юейімделуін жеңілдетеді.
Сол жағалау аудандық пробация қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Қайталама тәртіп бұзушылықтар азайып, профилактикалық жұмыстың сапасы артты. Қызметкерлердің үздіксіз еңбегі мен адамға деген қамқорлығы қоғамдағы сенімділікті нығайтуға, азаматтарды дұрыс өмір жолына бағыттауға негіз болып отыр.
Өскеменде құқықтық тәртіпті сақтау жолында бұл жұмыс тек формальды бақылау емес, азаматтарға мүмкіндік беретін, олардың өмірін өзгертуге көмектесетін нақты іс-шара. Әр рейд, әр әңгіме қоғамдағы тәртіп пен сенімділіктің артуына өз үлесін қосуда.