Шемонаихадағы жаңа тауарлы сүт фермасы желтоқсанда іске қосылады
Фото: pxhere.com
Шемонаиха ауданында жаңа тауарлы сүт фермаларын іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов айтты.
Бұдан бұрын аталмыш жобаның жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрағанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ биыл Шемонаихада «ШҚО аумағында Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешені саласындағы тәжірибесін тираждау» бағдарламасы шеңберінде «Сугатовское» ЖШС мен «Хамзин С. және Компания» сенім серіктестігінің тауарлы сүт фермаларын салу бойынша екі ауқымды жобаны іске асыру басталған-ды.
Аудан басшысының хабарлауынша, «Хамзин С. және Компания» СС-те 664 бас ірі қара малға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жоба сомасы 3,7 миллион теңге, оның ішінде қарыз қаражаты 2,566 миллион теңге болса, қалған 1,101 миллионы меншікті қаражат. Нысан биылғы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба толығымен қаржыландырылған, ірі қара малының жалпы саны 584 басқа жетіп отыр.