KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 3 м/с, В
520.93 609.07 6.68

Алтай ауданында жалпы 5200 бас сиырға арналған алты сүт фермасы салынады

ШҚО ӨКҚ

9.06.2025, 16:15 144 Ержан Әбіш

ШҚО-ның Алтай ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың мәлімдеуінше, 2028 жылға дейін жалпы құны 49,6 миллиард теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Басты бағыт – жалпы 5200 бас сауынды сиырға арналған алты сүт-тауар фермасын салу және жаңғырту. Аталған жобалардың құны 42,3 миллиард теңгені құрайды. Жыл сайын 6,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілмек.

Ірі жобалардың бірі – Полянское ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы. Бұл нысанды «Мойылды Байқоңыр» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоба жылына 6500 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Шірікқайың ауылында «Средигорненский-2» ЖШС Германиядан 95 жоғары өнімді симменталь тұқымды сиыр сатып алған. Биыл қосымша тағы 255 бас мал жеткізіліп, жалпы мал басы 600-ге жетеді. Бұл ферма жылына 2000 тонна сүт өндіре алады.

Жобалар нәтижесінде ауылдық жерлерде шамамен 200 жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, олардың табысын арттыруға ықпал етеді.

– Сүт өндірісінің дамуы өңдеуші кәсіпорындар, логистика, ветеринария және мал азығын өндіру салаларына да серпін береді. Сонымен қатар,ауданның азық-түлік қауіпсіздігі артып, ішкі нарықты табиғи өніммен қамту үлесі ұлғаяды, – деді аудан әкімі Ренат Құрмамбаев ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жаңа фермалар заманауи агротехнологиялармен жабдықталады. Импорттық тұқымдар, автоматтандырылған азықтандыру және сауу жүйелері, ресурсты үнемдейтін әдістер қолдану арқылы өнім сапасы артып, сүттің өзіндік құны төмендейді деп күтілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу