27 мыңнан астам іс-шара: елімізде еріктілер қозғалысы күшейіп жатыр
Қазақстанда волонтерлік мәдениет жылдан-жылға дамып келеді. 2024–2026 жылдарға арналған Волонтерлікті қолдау жөніндегі жол картасы аясында Ұлттық және 20 өңірлік фронт-кеңсе жүйелі жұмыс жүргізіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп көрсеткіш.
Наурыз айында басталған «Жақсылық жаса» республикалық марафоны аясында еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік, экологиялық, мәдени бағытта 1600-ден астам игі іс атқарылған. Волонтерлер қарттар мен балалар үйлерінде көмектесіп, құтқару және оқыту жобаларынан бастап, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік бағытындағы жұмыстарға дейін түрлі салада белсенділік танытып жүр.
Барлық өңірде 63 жастан асқан азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істеп жатыр. Мұнда аға буын өкілдері әлеуметтік, білім беру, экологиялық және мәдени жобаларға атсалысуда.
Құқықтық волонтерлік те қарқын алып келеді. Қазір елімізде 3,5 мыңнан астам заңгер, адвокат, нотариус пен заң факультеттерінің студенттері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетуде. Жыл басынан бері 9 мыңнан астам азамат кеңес алған.
Волонтерлік жобалар Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы арқылы үйлестіріледі. Платформада 3,7 мыңнан астам ұйым мен 1,2 мыңға жуық жоба тіркелген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ТМД елдері волонтерлерінің форумын өткізуге арналған халықаралық ереже әзірленіп, соның негізінде жыл сайынғы Волонтерлер форумы құрылды. Сонымен қатар, Қазақстан 2026 жылы өтетін Халықаралық волонтерлер жылына дайындықты бастап кетті.
Жыл басынан бері еліміздің түрлі аймақтарында 10 мақсатты топтың кездесуі өткен. Екі қазақстандық волонтер халықаралық жобалар аясында Түркия мен Таиландқа жіберілді.
Қазақстанда жақсылық жасауға ұмтылған белсенді азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Волонтерлік тек игі істерге бастамашы ғана емес, қоғамның дамуына серпін беретін үлкен күшке айналып отыр.