Өкпе обырын ерте анықтауда жетістіктер бар
Өкпе обыры - бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде онкопатология құрылымында аурушаңдық пен өлім-жітім бойынша жетекші орын алатын ең көп таралған онкологиялық ауру. Әлемде жыл сайын өкпе обырының екі миллионнан астам жаңа жағдайы тіркелсе, елімізде үш жарым мың жаңа жағдай анықталады. Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың он айында өкпенің қатерлі ісігінің 229 жаңа жағдайы белгілі болды.
Мамандар қатерлі ісікті ерте анықтау сәтті түрде емделу мүмкіндігін арттыратынын атап өтті. Алайда, дәрігерге кеш жүгіну мәселесі әлі де кездеседі, биыл 39 науқаста обырдың төртінші сатысы анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда бес адамға артық.
Облыста барлығы он бір компьютерлік томография аппараты бар. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында былтыр Зайсан, Шемонайха аудандары осындай аппаратпен жарақтандырылса, биыл Катонқарағай, Тарбағатай аудандары қамтылды.
Дәрігерлер сондай-ақ аурудың алдын алудың маңыздылығын еске салады: темекіден бас тарту, пассивті шылым шегу деңгейін төмендету, әсіресе қоғамдық орындарда, сондай-ақ мамандарға тұрақты түрде қаралу ауру қаупін азайтудың басты қадамдары болып табылады.
2025 жылдан бастап Қазақстанда төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдана отырып, өкпе обырының скринингі басталады. Естеріңізге сала кетейік, облыстық онкологиялық орталықта 2018- 2022 жылдар аралығында ТДКТ арқылы өкпе обырын анықтаудың пилоттық жобасы қолға алынған болатын. Жоба осы әдістің сөзсіз тиімділігін көрсетті.
Өкпе обырына шалдыққан науқастарды нәтижелі емдеу үшін онкологиялық орталықта мамандандырылған емдеудің барлық түрлері қолданылады. Ең радикалды әрі тиімді әдісі – бұл ота жасау. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының онкохирургиялық бөлімшесінде жетекші шетелдік клиникалардың тәжірибесі бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып, кеуде қуысының органдарына операциялар жасалады. Ең озық әдістердің бірі-VATS -бейне-көмекші торакоскопия. VATS арқылы радикалды операциялар жасалады, оның барысында қатерлі ісік кішкене тілік арқылы аз инвазивті жолмен толығымен алынып тасталады. VATS хирургиясының басты артықшылығы-науқас отадан кейін тез оңалады және ауруханада көп жатпайды, асқынулар болмайды.
Мамандардың айтуынша, анықталған жағдайлардың тек 20 пайызы ғана операция жасауға келеді. Сондықтан онкологиялық орталықта отадан басқа жоғары технологиялық сәулелену, химиотерапия, иммундық - мақсатты терапия сияқты емдеу әдістері де қолданылады. Емдеу тактикасын онкологиялық дәрігерлер, хирургтар, химиотерапевтер, радиациялық онкологтар, психолог және орталықтың басқа мамандары кіретін көп салалы топ анықтайды.