KZ
Өскемен
+3°
небольшая облачность жел 1 м/с, В
497.89 525.12 5

Өкпе обырының 85%-ы темекі шегуден туындайды

pexels.com

Бүгін, 13:00 37 Гульжан Мусина

Өкпе обырының алдын алу мен емдеу жайлы Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының онколог дәрігері, тораколды хирург Әділбек Баймұсановпен  Altainews.kz тілшісі арнайы кездесті. 

 

Өкпе обыры - өкпе немесе бронх тіндерінен пайда болатын қатерлі ісік. Бұл онкологиялық аурулардың ең кең таралған түрлерінің бірі болып табылады және әлем бойынша қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің басты себептері қатарында.

Әділбек Баймұсановтың айтуынша, өкпе обыры жағдайларының 85%-ы темекі шегумен, оның ішінде пассивті шегумен байланысты. Сонымен қатар, ауаның ластануы, генетикалық бейімділік және зиянды химикаттардың әсері сияқты жұмыс орнындағы қауіпті жағдайлар да маңызды рөл атқарады.

- Өкпе обырының алдын алу үшін темекі шегудің зиянын үнемі ескертіп отыру маңызды. Темекіні тастауға ұмтылғандарға барынша қолдау көрсету керек, - деп атап өтті дәрігер. 

Сонымен қатар, тұрғылықты жердегі және жұмыс орнындағы ауаның сапасына бақылау жасау қажет. Қауіпті өндірістерде жеке қорғаныс құралдарын пайдалану ұсынылады.

Онкологтар өкпе обырын ерте анықтаудың маңыздылығын үнемі ескертеді. Ерте кезеңдегі қатерлі ісікті хирургиялық жолмен алып тастау немесе тиімді емдеу мүмкіндігі жоғары. Қазақстанда жыл сайынғы флюорографиялық тексеру міндетті болғанымен, ол толыққанды ақпарат бере алмайды. Дәрігерлердің айтуынша, өкпе обырын ерте анықтаудың ең тиімді әдісі - төмен дозалы компьютерлік томография (КТ). Әсіресе, темекі шегушілер мен 50 жастан асқан азаматтарға бұл зерттеуден өтуге кеңес беріледі.

- Біздің орталықта арнайы молекулалық сынақтар, бронхоскопия арқылы биопсия және ісіктің нақты түрі мен кезеңін анықтайтын ПЭТ-КТ қолданылады, - деді онколог.

Бүгінгі таңда өкпе обыры бірнеше бағытта емделеді: хирургиялық әдіс, сәулелік және химиотерапия, мақсатты және иммунотерапия. Емдеу жоспары ісіктің құрылымы, таралу деңгейі және науқастың жалпы жағдайына байланысты жасалады.

- Хирургиялық емдеуде бейне-көмекші торакоскопия (VATS) әдісі жиі қолданылады. Бұл әдіс арқылы кішкене тілікпен қатерлі ісікті толығымен алып тастауға мүмкіндік бар, - деп түсіндірді Әділбек Баймұсанов.

23 қарашада сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында өкпе, ұйқы безі және қуық асты безінің қатерлі ісігін ерте анықтау мен алдын алуға арналған ашық есік күні өтеді. Бұл күні облыс тұрғындары дәрігердің жолдамасынсыз және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, жетекші мамандардан тегін кеңес ала алады.

Айна Ескенқы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу