KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 1 м/с, С
487.24 529.34 5.02

Алтай ауданында ірі сүт тауар фермасы салынып жатыр

27.07.2024, 13:30 80 Қуаныш Рахметоллаұлы

«Мойылды Байқоңыр» серіктестігі Алтай ауданына қарасты Полянское ауылында 1075 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салып жатыр, мұнда жылына 6500 тонна сүт өндірілетін болады. Бұл облыста іске асып жатқан 6 ірі инвестициялық жобалардың бірі. Қазір нысанда 180-ге жуық адам жұмыс істеуде. Биылғы жылдың қазан айына қарай пайдалануға берілмек. 

Бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша АӨК ірі инвестициялық жобаларына жеңілдетілген, бюджеттік кредит беру бағдарламасы шеңберінде іске асуда деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова.

“Тауарлы сүт фермаларын салу және қайта жаңарту бойынша 6 жобаны қаржыландыруға 10 млрд. теңге бөлінді. Қаражат «Ертіс» ӘКК-ге аударылды.

Жобаларды іске асыру облыс бойынша тауарлы сүт фермаларының сүт өндіру көлемін жылына 40 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік бермек”,- деді ол.

Прези­дент­тің сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуелділікті азайту бойынша тапсырмасы бойынша биыл елімізде 65 тауарлы сүт фермасы жұмысын бастауы керек. Олардың арасында жаңа және өндіріс қуатын арттыруды көздеп отырған тауарлы сүт фермалары бар. Кәсіпорындардың барлығы инвестициялық жобалар пулына кірді, ол өз кезегінде 10 жыл мерзімге 2,5% жеңілдікпен қарыз алу мүмкіндігін береді. Еске сала кетейік, 2023 жылы Мемлекет осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлген болатын. Қолдауға ие болған «Мойылды Байқоңыр» ЖШС алдағы уақытта АӨК дамытуға айтарлықтай үлес қоспақ.

“Біз 1075 ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салып жатырмыз. Ауқымды жоба кезең-кезеңмен іске асуда. Әлемдегі ең озық ауыл шаруашылық техникаларын пайдаланатын боламыз. Қазір шет елден келген мамандар сол құрылғыларды құруға келіп жатыр. Бұрыңғы кезде бұл жерде ферма болған. Қазір біз жаңартып, жаңғыртып жатырмыз. Қазан айында шет елден 460 бас сүтті бағытта гольштин-фриз қара ала сиырын алып келеміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды сезініп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жерде 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз”, - деді "ВостокАгроХолдинг" компаниялар тобының басшысы Ержан Нұрбаев.

Сонымен қатар Алтай ауданына қарасты Полянское ауылында республикалық фермерлер одағының алқалы жиыны өтті. Оған “Қазақстан Фермерлер Одағының” әр өңірлердегі төрағалары жиналып, ауыл шаруашылық саласындағы білімдері және тәжірибелерімен бөлісіп, АӨК өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Шараға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылық саласының алдында үлкен мінддеттер тұрғанын атап өтті.

“Азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясында ауыл шаруашылық саласы алдыңғы қатарда болуы тиіс. Біз-аграрлы елміз. Мемлекет басшысы да АӨК дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Ел ішінде ауыл шаруашылығындағы өңделген өнімнің үлесін 70% - ға дейін ұлғайту тапсырған болатын. Ол үшін ынталандыру шаралары енгізілгені белгілі. Шаруаларды қолдамасақ ауыл жойылып кетуі мүмкін. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда 1500 ауыл жойылып кетті. Бұл ойланатын мәселе. Сондықтан ауылды гүлдендіру, ауыл шаруашылық саласында еңбек етіп жүрген шаоуаларға жағдай жасау, мемлекет тарапынан қолдау көрсету арқылы, біз жұмыс орнын ашып, ауылды сақтап қаламыз. Қазір фермерлердің қолындағы машина-техникалық парктің негізінен ескі екенін білеміз. Оны жаңартуға шаруаның жағдайы жете бермейді. Осы мәселеде өте өзекті. Президент үкіметке 10 пайызға дейін жаңартуға, жылына 400 миллиард теңгедей бөлуді тапсырды. Инвест жобаларғада көңіл бөлініп келеді”,- деді Жигули Дайрабаев мырза.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив