ШҚО: Өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 61 пайызға жетеді
Фото: eldala.kz
Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы мамандарының болжамынша, облыста 2024 жылы жүзеге асырылған сүт өндіру бағытындағы 5 жоба негізінде өңірдегі сүт-тауар фермаларының сүт өндіру көлемі жылына 27,3 мың тоннаға ұлғаймақ. Соның нәтижесінде 2025 жылы жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 61%-ға дейін жетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бес сүт-тауар фермасы елімізде жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейтіп, қарқын алдыру бағдарламасы аясында салынып, жаңғыртылған.
Биыл облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарында сүт сауу көлемі 64 835,0 тоннаны құрады, бұл – өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 117,3%. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 32 392,75 тонна (өткен жылмен салыстырғанда 110,8%), ал жеке қосалқы шаруашылықтарда – 32 442,3 тонна сүт сауылған.
Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл облыстағы 31 сүт-тауар фермасы өңдеуші кәсіпорындарға 19 956,46 тонна (2024 жылы – 18 930,3 тонна) сүт өндіріп өткізген. Бұл – жалпы сауылған сүттің 31%-ын құрайды.
Өңірде сүт өңдеумен айналысып жатқан 11 кәсіпорын бар, олардың жылдық қуаты – 206 мың тонна, яғни күніне 580 тонна сүт өңдеуге мүмкіндігі бар.
ШҚО бойынша 2025–2027 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешенінің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, биыл Алтай ауданында («Нивы-Чапаево» ЖШС-нің 1000 басқа арналған сүт-тауар фермасы құрылысы), Үлкен Нарын ауданында («Елжас» ЖШС-нің 600 басқа арналған СТФ құрылысы) сүт-тауар фермаларын салу және жаңғырту бойынша екі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, келер жылы «Молочный экспресс» ЖШС-нің сүт өңдеу кешені кеңейтілмек.