KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
480.61 534.53 5.28

Өнеркәсіп өндірісі: 27 жаңа жоба іске асырылады

15.08.2024, 17:52 17 Жанаргүл Мұқатай

Өнеркәсіп өндірісіндегі көшбасшылардың бірі саналатын біздің облыста өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында алдағы екі жылдың көлемінде 738,7 млрд теңгенің 27 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. 


 Жаңа өндірістерді ашып, бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарын әрі қарай кеңейтудің, өркендетудің нәтижесінде 2500-ден астам жұмыс орны құрылады.
Аймақта ашылатын ірі өндірістерді атап айтатын болсақ, облыстағы HMS Bergbau AG неміс компаниясы өңірдегі екі жобаны іске асыруға 500 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Алатау Литий» ЖШС қазақстандық компаниясымен бірлесіп 2026 жылдан бастап литий өндіру және қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту фабрикасының құрылысын бастамақ. Осы компания  Ұлан ауданы аумағында литий оксиді концентратын алу мақсатында пегматит кендерін қайта өңдейтін заманауи кәсіпорын салу бойынша «Сreada Corporation» ЖШС-мен бірлесіп жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
2028 жылдан бастап «East Smelting» ЖШС Тарбағатай ауданының аумағында 217 млрд теңгеге мыс өндіру және қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын салмақ.
Ағымдағы жылы «Казцинк» ЖШС қорғасын зауытының қож айдау қондырғысының учаскесі жаңғыртылып, мырыш зауытының газдарды кәдеге жарату учаскесінің үрлегіштері ауыстырылады. Инвестиция көлемі 22 млрд теңгені құрайды. 
2025 жылы «Востокмашзавод» АҚ құю өндірісін жаңғырту жоспарлануда, инвестиция көлемі 33,2 млрд теңгені құрайды.
Барлық жоспарланған жобалар берік өнеркәсіптік әлеуетті қалыптастыруды және экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Индустриалдық аймақта фармацевтикалық
 терминал ашылады


Бұдан бірнеше жыл бұрын облыста жалпы аумағы 60,1 га жерді алатын екі индустриалдық аймақ ашылған болатын.  
Өскемен қаласының Машиностроительная көшесіндегі индустриалдық аймақтың аумағы 26,6 га болса, соның 10 га түрлі өндіріс орындарын ашуға қажетті инженерлік инфрақұрылымдармен жабдықталған.
 Қазіргі күні аталған индустриалдық аймақта «КФК «Медсервис ПЛЮС» ЖШС-нің GDP жүйесі бойынша сауда-өндірістік кешені құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жерде Өскемендегі «А» класты алғашқы фармацевтикалық терминал болады. Жобаның жалпы құны  3 млрд теңгеден астам. 
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының «Дидар» газетінің редакциясына берген ақпаратында көрсетілгендей, жоба иесі аталған өндірісте 100 шақты жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Кәсіпорынның сауда-өндірістік кешенінің құрылысы 2020 жылдың ортасында басталған. «КФК «Медсервис ПЛЮС» ЖШС-нің өз қаражатына салынып жатқан құрылыс алдағы қыркүйек айында аяқталып, зауыт іске қосылуға тиіс. 
Сондай-ақ осы индустриялық аймақты ет өңдейтін «Eco Meat Vostok LTD» ЖШС-не, газоблок шығаратын «Бәкірбаев» ЖК», «EKM Company» ЖШС-нің кірпіш зауытына жалға беру туралы келісім жасалынып, меморандум қабылданған. Сонымен бірге қазіргі күні аталған аймақта «Сорбент» ЖШС мен фармацевтикалық зауыт салуға келісім жүргізіліп жатыр.  
Ал аумағы 33,5 га алып жатқан Өскемендегі «Өркен КШТ» индустриялық аймағының әзірге аты ғана бар.
«Ертіс ӘКК» балансындағы «Өркен-КШТ» аймағында инфрақұрылымдардан: қоршау, қуаты 0,7 мегаваттық бөлу пункті, ұзындығы  1000 м кабель, әкімшілік ғимараттың нөлдік деңгейі бар. Қосымша инфрақұрылымдарды салу үшін аталған жер учаскесі Өскемен қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне қайтарылды. Қазіргі күні индустриялық аймаққа тартылатын инженерлік инфрақұрылымдардың жобалық сметалық құжаттарына түзетулер жасалуда. Бастапқы мәліметтерді жаңарту үшін Өскемен қаласы әкімдігі жылумен қамтуға, сумен қамтуға, электр энергиясымен қамтуға байланысты тиісті мекемелерге техникалық жағдайларды ұзартуға орай хат жолданған. «Сумен, электрмен қамтуға техникалық шарттардың мерзімі ұзартылған, бірақ «Өскемен жылу жүйелері» АҚ жылу энергиясының тапшылығына байланысты техникалық шарттарды ұзартудан бас тартқан. Қазіргі күні индустриялық аймақты жылумен қамтуды автономды қазандық қою арқылы шешу мәселесі қарастырылып жатыр» делінген кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының редакцияға берген ақпаратында.
«Өркен КШТ» индустриалдық аймағына темір жол тұйығын, сумен, жылумен, электрмен қамту желілерін тарту және тазарту құрылғысы бар өндірістік кәріздік септиктер орнату тәрізді инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымдарды қаржыландыруды республикалық бюджеттен жүзеге асыру жоспарланған. 
Қажетті инфрақұрылымдар салынып болған соң осы аймақта:
 «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС-нің – жаңбырлатқыш құрылғыларды шығару зауыты және ыстық күйіндегі мырышпен қаптау цехын ашу (10 га) жобасын,  «Тамила плюс» ЖШС минералды суы мен алкогольсіз суысындарын шығару зауытын салу жобасын (10 га) іске асыру жоспарланып отыр.

Әлем елдеріне экспорттап жатыр


Пайдалы қазбалардың «қоймасы» саналатын шығыста мырыш, титан, тантал, магний басқа да сирек кездесетін металдар қарқынды өндіріліп жатыр. 2024 жылдың 1 тоқсанында еліміздің жалпы өңірлік өнімінің құрылымында облыстың үлесі 4,2%-ды құрады (1 трлн теңге), өңірдің ЖӨӨ-дегі өнеркәсіп өнімінің үлесі - 42% (457 млрд теңге).  
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың айтқанындай, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің 88%-ын  өңдеу өнеркәсібі алып, өңдеу өнеркәсібінде 1,0 трлн теңгенің өнімі өндірілген. 
Өңдеу өнеркәсібінің негізгі үлесін (70%-дан астам) металлургия саласы құрап отыр. Қазіргі күні металлургия саласында 20 000-нан астам білікті металлургтер, сондай-ақ осы салаға қызмет көрсетіп жатқан сервистік компанияларда 45 000-нан астам адам жұмыс істейді.
Облыстағы металлургиялық кәсіпорындар қорғасын, мырыш, мыс, титан, бериллий, алтын және күміс өндіріп, шетелге шығарып жатыр. 1992 жылы біздің облыста Қазақстанның алғашқы алтыны қорытылған болатын.
Қазіргі күні облыста экспортқа бағдарланған 30-ға жуық кәсіпорын бар, олардың ішіндегі ең негізгілері:
- «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ әлемдегі титан құймалары мен губкалы титанның ірі өндірушісі болып табылады. Титанның аэроғарыш саласындағы үлесі шамамен 16% құрайды;
- «Үлбі металлургия зауыты» АҚ атом және металлургия өнеркәсібіне арналған уран, тантал және бериллий өнімдерін өндіруші;
- Мыс, бағалы металдар мен қорғасынның ілеспе шығарылымын, мырыш өндіретін «Казцинк» ЖШС. Сондай-ақ «Казцинк» - Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші.
Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының (барлығы - 1 010, оның ішінде: 935 шағын, 45 орта және 30 ірі) 2023 жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 2,3 трлн теңгені құраған. 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда  28,5%-ға өскен. 
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 трлн теңге, өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің 88%-ы өңдеу өнеркәсібі алады, мұнда 1,0 трлн теңге өнім өндірілді. 
Өскемендегі титан-магний комбинаты титан, магний өнімдерін өндіретін  әлемдегі ең ірі өндіріс орны болып табылады, оның өнімдері «Боинг» және «Эйрбас» сияқты компанияларға жеткізіліп жатыр. Қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 16%-ды құрайды.
Үлбі металлургия зауыты бериллий өндіруші әлемдегі үш кәсіпорынның қатарына кіреді. Бұл ТМД елдерінде тантал өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын, сондай-ақ атом электр станциялары үшін қуаты жылына 200 тонна уран өндіретін бірегей уран отынын өндіреді, оның барлық өнімі Қытай нарығына экспортталып отыр. 
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінде химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 8,9%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аталған салада 96 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. Химия өнеркәсібінің ірі және орта кәсіпорындары: «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Орика-Қазақстан» АҚ, «Ульба-ТВС» ЖШС.
Машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің құрылымында 3,9%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында осы салада 42,7 млрд теңге сомасына өнім өндірілді және қызметтер көрсетілді. Облыста машина жасау саласының жетекші кәсіпорындары: «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, «Гидросталь» ЖШС, «Силумин-Восток» ЖШС.
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 0,1%-ы фармацевтика өнеркәсібінің өндірісіне тиесілі. Фармацевтика өндірісінде панты өнімдерін, сорбенттерді, жеке қорғаныс құралдарын, қан мен оның компоненттерін дайындайтын бес кәсіпорын жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 0,6 млрд теңге сомасына өнім шығарылды.
Өңдеу өнеркәсібі көлеміндегі өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінің үлесі 2%-ды құрайды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 21 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. Саланың негізгі кәсіпорындары: «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС, «IZOTERM» өндірістік-сауда компаниясы» ЖШС, «Беловодье» ЖШС.
Машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру өңдеу өнеркәсібі көлемінде 1,5%-ды құрайды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 16,4 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. Тиісті саланың ірі кәсіпорындары «Гидросталь» ЖШС және «МАШЗАВОД» ЖШС кәсіпорындары.
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінде резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі 0,8%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 9,4 млрд теңгеге резеңке-техникалық және пластмасса бұйымдары өндірілген. Жетекші кәсіпорын «ПОЛИУС» ЖШС - Қазақ-Ресей бірлескен кәсіпорны.
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 0,2%-ы жеңіл өнеркәсіпке тиесілі, биыл осы салада 1,5 млрд теңгенің өнім өндірілді.
Ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1,2 млрд теңгеге өнім шығарды. Облыста әр түрлі ағаш материалдары, фанера, жиһаз, OSB тақталары шығарылады. Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі саланың үлесі 0,1%-ды құрайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив