KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
493.85 519.04 4.97

Зайсандықтардың өзекті мәселелері тыңдалды

Бүгін, 11:45 1 Гульжан Мусина

Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов әр азаматты толғандыратын өзекті мәселелерді, түйткілді сұрақтарды тыңдап, аталған бағыттарда атқарылып жатқан нақты істер айтылды. Инфрақұрылымды дамыту, интернет қолжетімділігі, су тасқынына дайындық және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.  

Зайсан ауданындағы халықтың 86,5 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылғанымен, 20 ауылдан мобильді интернеттің жетіспеушілігі мен төмен жылдамдығына шағымдар келіп түсті. Жалшы, Шілікті және Жаңатұрмыс ауылдарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ал Ақарал ауылында «Кар Тел» ЖШС қондырғысы орнатылмақ. Ауданның қалған ауылдарында интернет мәселесін шешу үшін операторлармен жұмыс жалғасуда. Мақсат – облыс аумағын 2027 жылға дейін интернетпен толықтай қамту, ал Зайсан ауданында бұл жұмысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. 

– Жол бойындағы ғаламтормен қамту мәселесі Зайсан үшін де өзекті. Күні кеше Тарбағатайда бұл туралы айтқан еді. Зайсанда да туристер мен облыс тұрғындары жолда интернет пен байланыстың жоқтығына жиі наразылық білдіреді. Мәселе бақылауға алынды. Антенна-діңгектік құрылым салуға сараптама жұмыстарының оң нәтижесін алдық. Бұл мәселе 2024 жылдың соңына дейін шешілмек,- деді аймақ басшысының бірінші орынбасары Н.Сақтағанов.  

Көкейдегі келесі мәселе - су тасқыны қаупінің алдын алу. Нұрымбет Сақтағанов бұл мақсатта аудан көлемінде 8 ірі жоба жүзеге асырылғандығына тоқталды. 

– Бөгеттерді қалпына келтіру, өзен арналарын тереңдету сияқты жұмыстар уақытында атқарылғандықтан, аудан биыл су тасқынынан аман қалды. Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық үшін жазғы-күзгі кезеңде 8,5 млн теңгеге қосымша шаралар қолға алынуда,- деп қосты ол. 

Сондай-ақ, экологиялық ахуалды жақсарта түсу мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақыру мен халықтың мәдениетін арттыру жұмыстары қолға алынған. Зайсан ауданы бойынша ескі ғимараттарды бұзып, аумақты абаттандыруға және көшелерді жарықтандыруға да баса назар аударылып отыр. Бұл шаралар тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізбек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу