Заң мен тәртіп – жастар таңдауы: Шығыс Қазақстанда «ZAN FEST» облыстық жастар форумы өтті
Шығыс Қазақстан облысында «ZAN FEST: Заң мен тәртіп: жастар таңдауы» атты облыстық жастар форумы өтті. Ауқымды жиын барысында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы жастардың орны, сондай-ақ жастар ортасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Заң мен тәртіп» аясында өткен іс-шараның басты мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық санасын арттыру, заңға құрметпен қарау қағидаттарын нығайту және мемлекеттік институттар мен құқық қорғау органдарына деген сенімді күшейту.
Форумға облыстың барлық қала-аудандарынан жоғары сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар қатысты. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, шығармашыл әрі қоғамдық өмірге белсенді жас азаматтар бас қосты.
Форум диалог алаңы форматында өтті. Қатысушылар құқық қорғау саласының мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, нақты жағдайларға байланысты пікір алмасты. Бұл формат жастардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, заң талаптарының күнделікті өмірдегі маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Іс-шараға Экономикалық тергеп-тексеру және Полиция департаментінің, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен пікір көшбасшылары спикер ретінде қатысты. Олар жастар арасында жиі кездесетін қауіп-қатерлерге, заңбұзушылықтың салдарына және алдын алу жолдарына кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, биыл заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес дропперлік әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында мұндай деректер тіркелмегенімен, республика көлемінде үш іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл – заңсыз әрекеттің салдары ерте ме, кеш пе міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінінің нақты дәлелі.
Форум аясында заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, құқықтық мемлекет құрудағы жастардың белсенді рөлі, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алудағы тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары жан-жақты талқыланды. Іс-шара жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамдағы құқықтық құндылықтарды күшейтуге бағытталған маңызды платформаға айналды.
Форум барысында рухани-адамгершілік құндылықтар тақырыбы да назардан тыс қалмады.
Спикерлер заң талаптарын сақтаудың маңызын өмірден алынған нақты мысалдар арқылы да көрсетті. Белгілі жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова спорттағы адалдық пен әділдіктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында ол үш қарғып секіруден бастапқыда төртінші орын алған. Алайда допинг қолданған спортшылардың нәтижесі жарамсыз деп танылып, араға он жыл салып Халықаралық Олимпиада комитеті Ольга Рыпакованы күміс жүлдегер ретінде мойындады.
Бұл оқиға заңсыз әрекеттің салдары бірден байқалмауы мүмкін екенін, бірақ уақыт өте келе адамның тағдырына, мәнсабына және болашағына ауыр соққы болып тиетінін айқын көрсетеді. Заң мен тәртіпке бағыну – кез келген қоғамның тұрақты дамуының кепілі.
Елизавета Седых
Фото: Артем Жигулин
Видео: Евгений Щетников













