ШҚО-да Ата заңымыздың 30 жылдығына дайындық жұмыстары пысықталды
Шығыс Қазақстан облысында ел Конституциясының 30 жылдығына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста 128 түрлі форматтағы шараны қамтитын өңірлік жоспар бекітіліп, іске асуда. Әсіресе, құқықтық сауаттылықты арттыруға, мәдени және жастар бастамаларын қолдауға, сондай-ақ әлеуметтік желілерде ақпараттық қолдауды күшейтуге баса мән берілген.
Ата Заңға құрметті арттыру және құқықтық мәдениетті дамыту мақсатында 25 мыңнан астам оқушы ашық сабақтарға, экскурсияларға және құқықтық оқыту сабақтарына қатысты. Колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың қатысуымен пікірсайыс турнирлері, пікірталас клубтарының отырыстары, патриоттық форумдар мен челлендждер ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, ел болашағы саналатын жас азаматтарға алғашқы жеке куәліктер мен паспорттарды салтанатты түрде табыстау рәсімдері де өтті.
Отбасылық қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарында тұрғындарға тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік бастамалар да жүзеге асуда.
«Іс-әрекеттегі қоғам» жобасы аясында облыстың сегіз ауданында оқыту семинарлары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің халықпен кездесулері өтті.
Барлық іс-шаралардың мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастар арасында отаншылдық рухты дамыту.
Кеңес қорытындысы бойынша барлық жоспарланған шараларды жоғары деңгейде өткізуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.


