Шығыс Қазақстан мен Қытай әлемдік деңгейдегі бірлескен ауыл шаруашылығы зертханасын ашты
Шығыс Қазақстанда халықаралық маңызы бар жаңа нысан – Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының көпфункционалды ауыл шаруашылығы зертханасы ашылды. Бұл жоба – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында қол қойылған үкіметаралық келісім аясында жүзеге асқан және екі мемлекет арасындағы ғылыми-техникалық әрі агроөнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан мен Қытайдың бірыңғай көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасының салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь қатысты.
Бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін ғылыми орталық. Мұнда пестицидтер мен антибиотиктер қалдығынан бастап, радионуклидтер мен патогенді микроағзаларды анықтауға дейінгі кең ауқымды талдаулар жүргізілмек.
Заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған зертхана классикалық және молекулалық диагностикалық зерттеулердің барлық түрін жүзеге асыра алады. Негізгі бағыттарының қатарында иммуноферменттік талдау (ИФТ), полимеразды тізбекті реакция (ПТР), оның ішінде нақты уақыт режиміндегі ПТР, сондай-ақ бактериологиялық және вирусологиялық сынақтар бар.
Азық-түлік қауіпсіздігі блогында мамандар келесі әдістерді қолданады:
- сұйық және газ хроматографтары – пестицид қалдықтарын анықтау үшін;
- жоғары тиімді сұйық хроматографтар – дәрілік заттар, бояғыштар мен стероид қалдықтарын анықтау үшін;
- атомдық-абсорбциялық спектрофотометрлер – ауыр металдар мен микроэлементтерді (фосфор, кальций, темір) анықтау үшін;
- иондық хроматографтар – нитраттар мен нитриттерді талдау үшін;
- ПТР және электрофорез – патогенді микроағзаларды анықтау үшін;
- спектрометрлік кешендер – радионуклидтер деңгейін өлшеу үшін.
Бұл жоба – жай ғана зертхана емес, Қазақстан мен Қытайдың ғылыми әлеуетін біріктіретін стратегиялық платформа. Ол заманауи технологияларды енгізуге, білім мен тәжірибе алмасуға және отандық агросектордың экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Зертхананың құрылуы екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады. Жоба Қазақстанның ғылыми-зерттеу базасын нығайтуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ерекше назар инновацияларды енгізу мен ішкі және сыртқы нарыққа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауға аударылған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, нысанның іске қосылуы отандық аграрлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Зертхана өнімді сертификаттау үдерісін едәуір жеделдетіп, оның қауіпсіздік деңгейін арттыруға және шетел нарығына шығуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов зертхананың ашылуын Шығыс Қазақстанның ғылыми және ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды оқиға деп атап өтті.
– Бұл тек жаңа инфрақұрылымдық нысан емес, ауыл шаруашылық саласының дамуындағы жаңа кезеңнің, заманауи көзқарас пен халықаралық ынтымақтастықтағы ашықтықтың көрінісі. Озық технологияларды енгізбей, жүйелі ғылыми тәсіл мен сапаны қатаң бақыламай, өнімнің тұрақты өсімі мен оның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін жақсы түсінеміз. Халықаралық және қытайлық стандарттарды енгізу арқылы шығысқазақстандық фермерлердің өнімдері әлемдік нарықта лайықты орын алады деп сенемін. Бұл өңірдің экологиялық таза және сапалы тауар өндіруші ретінде беделін күшейтеді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Алдағы уақытта зертхана өңір мен жалпы Қазақстандағы аграрлық өнім сапасын бақылаудың негізгі буынына айналады. Сондай-ақ оның негізінде азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ.
Болашақта бұл зертхана еліміздің басқа өңірлерінде осындай ғылыми орталықтар желісін құруға үлгі бола алады. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін технологиялық әрі тұрақты даму жолына бағыттайтын маңызды негіз қалыптастырады.
Аударған: Айгүл Базарова
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Бейнематериал: Евгений Щетников



