KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 1 м/с, С
512.83 600.58 6.36

Елімізде обырдан болатын өлім саны азайды

5.01.2026, 13:00 94 Ержан Әбіш

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 20 пайызға азайды. Бұл көрсеткіштерге 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде қол жеткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылы елімізде обырдың 42 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді. Бұл анықтау деңгейінің жақсаруымен байланысты, соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен 7,8 пайызға жоғары.

Қазіргі таңда 246 205 пациент динамикалық бақылауда тұр, олардың 55 пайыздан астамы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар.

Бес жыл және одан да ұзақ өмір сүретін науқастардың үлесі 63 пайызға дейін өсті, ал ерте диагностика деңгейі 33 пайыздан асты.

Өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 61 жағдайға дейін төмендеген.

Онкологиялық қызметті дамытуға 30,4 млрд теңге бөлінді. Елімізде 6 жаңа сызықтық үдеткіш іске қосылып, сәулелік терапиямен қамту деңгейі 61 пайызға жетті. Адаптивті және 4D-сәулелік терапия сияқты емдеудің заманауи әдістері енгізілді. Мақсатты және иммундық-онкологиялық препараттардың қолжетімділігі кеңейтіліп, 7 атау енгізілді.

Сондай-ақ 17 онкология орталығында госпитальдық фармация орталықтары жұмыс істеп тұр.

Онкологиялық скринингтер барлық сақтандырылмаған азаматтар үшін қолжетімді.

2026 жылдан бастап төмен дозалы компьютерлік томография мен жасанды интеллектіні қолдану арқылы өкпе обырына пилоттық скрининг басталады.

Қазақстан Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстанның жетекші онкология орталықтарымен ынтымақтастық орнатты.

Кешенді жоспарды іске асыру онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау, жоғары технологиялық емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу