KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
512.83 600.58 6.36

Мәжіліс депутаттары Алтай қаласындағы су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысты

5.01.2026, 16:00 91 Даурен Аллабергенұлы

Жылқы жылындағы алғашқы жұмыс сапарларын Шығыс Қазақстан облысынан бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Лұқбек Тұмашинов Алтай қаласының орталық және батыс бөліктеріндегі су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, аталған жоба «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Оның шеңберінде ұзындығы 110,5 шақырым болатын су құбыры желісін тарту және 9 420 абонентті орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайызға орындалған.

Өз кезегінде Алтай ауданы әкімдігі өкілдері су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.

– Қазіргі уақытта негізгі желілер толықтай тартылып, құбырларды кезең-кезеңімен шаю және дезинфекциялау жұмыстары атқарылуда. Басты міндетіміз – жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау. Барлық жұмыстар техникалық талаптар мен қолданыстағы нормаларға толық сай жүргізілуде. Сонымен қатар, құрылыстың үшінші кезеңі аяқталмайынша, нысандарды пайдалануға беру мүмкін емес. Себебі, ескі су құбыры желілері өткен ғасырдың 60-шы жылдары төселген шойын құбырлардан тартылған. Оларды толық ауыстырмай, қаланың жаңартылған сумен жабдықтау жүйесін іске қосу мүмкін емес. Бұл жұмыстарды орындау үшін шамамен екі млрд теңге қажет, – деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухин.

Құрылыс алаңын аралау барысында Мәжіліс депутаттары атқарылған жұмыстардың сапасына, қолданылып жатқан материалдардың белгіленген стандарттарға сәйкестігіне және жобаны іске асыру мерзімінің сақталуына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, мердігер ұйым өкілдерімен кездесу барысында туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

– Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Мыңдаған отбасы таза ауызсумен қамтылады. Сондықтан бүгін көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыс жалғасады. Ең бастысы, бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі және атқарылатын жұмыстардың жоғары сапасы. Осы бағытта партиялық бақылау күшейтіледі, – деді ауданға сапары кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.  

Алтай ауданынан бөлек, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында су жүйесіне қатысты 10 нысанды салу және қайта жаңғырту жоспарланған болатын. 

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркеновтің айтуынша, қазіргі кезде соның сегіз нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Атап айтқанда, Өскемен қаласында екі, Ұлан ауданында үш (Отрадное, Асубұлақ және Бозанбай ауылдары) және Шемонаиха ауданында екі нысан (Березовка және Большая Речка ауылдары) бар.

Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде аймақтағы мыңдаған тұрғын сапалы әрі тұрақты ауызсумен қамтамасыз етіліп, өңірдегі елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымы айтарлықтай жақсаратыны айқын.

Ал қалған екі нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаттары мен облыстағы «AMANAT» партиясының өкілдері бұл жобалар кестеге сай толық әрі сапалы аяқталғанға дейін тұрақты бақылауда болатындығын мәлімдеді.



Фото: Артем Жигулин 

Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу