Өнеркәсіп өнімінің көлемі ұлғайды
Шығыс Қазақстан әртараптандырылған экономикасы бар еліміздің өнеркәсіптік дамыған өңірлерінің бірі болып келеді. Бүгінгі күні облыстың өңдеу өнеркәсібінде 726 кәсіпорын жұмыс істеуде, оның ішінде 32 орта кәсіпорын, 18 ірі кәсіпорын. Өңірдің өнеркәсіптік өндірісі құрылымында өңдеу өнеркәсібі – 88%–дан, тау-кен өндіру өнеркәсібі - 5,7%-дан асады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тау-кен өнеркәсібінің негізі құрамы мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс металдарын өндіретін полиметалл кендерін өндіру. Сондай-ақ аймағымызда алтын, мыс кен орындары игеріліп, кең таралған пайдалы қазбалар өндірілуде.
Статистикалық деректер бойынша облыста өткен он айда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2 098,3 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 2023 жылдың тиісті кезеңіне 103,1%.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бастап өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде нақты секторда жаңа өндірістер ашу, шағын бизнесті дамыту және жаңа әлеуметтік объектілерді іске қосу есебінен 20 082 жұмыс орны құрылған, (оның ішінде тұрақты – 12 446, уақытша – 7 636).
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік облыстың инвестициялық саясатының ажырамас бөлігі болып келеді.
Өңірдің портфелінде жоспарлау мен іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде барлығы 24,2 млрд. теңгеге 62 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы мен концессия бар, оның ішінде 16,9 млрд.теңгеге 49 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша шарттар жасалған.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын дамытудағы басымдық бюджеттен төлемдерді талап етпейтін жобаларға бағытталып отыр.
Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артып келе жатқаны байқалады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемі 353,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі – 109,3% болған.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 508,5 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 105,9%.
Өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 278,4 млрд. теңгені құраған.
Жыл басынан 229,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Облыста бөлшек сауда тауар айналымың көлемі 961,1 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі – 102,3% көрсеткен.
Әлеуметтік сала
2024 жылдың 3 тоқсанында аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында орташа айлық номиналды жалақы 368 064 теңгені құрады, бұл 2023 жылғы ұқсас кезеңнен 13,3%-ға жоғары.
Орта мерзімді перспективада облыстың әлеуметтік-экономикалық саясаты экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы экономикалық қайта құрулардың негізінде және Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының даму басымдықтары мен күтілетін нәтижелерінде көрініс тапқан қағидаттарға сай дамымақ.
Жанаргүл Көкенайқызы