ШҚО полицейлері ашық аспан астында вальс биледі
Өскеменде амфитеатр алаңында полицейлер «Алтай» би тобымен бірге вальс биледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маусымның жаймашуақ күнінде қалалық жағалауда әуезді ән шырқалып, салтанатты түрде полицейлер ханымдарды биге шақырды.
Осылайша полицейдің жұмысы тек тәртіп пен сап түзеу ғана емес, сонымен қатар әдемілік екенін де көрсетті.
Жас құқық қорғау қызметкерлері бұл іс-шараны Қазақстан полициясының 30 жылдығына арнап, «Офицер вальсі» композициясын орындады.
- Бүгін бұл жерде бізге капитандар, лейтенанттар және түрлі қызметтердің аға лейтенанттары өз шеберліктерін көрсетті. Осындай ісшаралар полиция қызметкерлерінің имиджін арттыруға ықпал етеді деп санаймын, - деді кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Серікжан Абуахитов.
Полицейлерде өнер көрсетуге, арнайы дайындалуға көп уақыт болған жоқ. Бар болғаны бес күн. Бірақ жемісті болды дейді әріптестері.
Осылайша полицейлер әр минут сайын би қимылдарын үйреніп, содан кейін шеберліктерін шыңдады. Өнер көрсеткен 11 жұп кәсіби бишілер сияқты тік әрі сенімді жүріп, көрермендердің көңілінен шықты.
Айта кетейік, өнер көрсетуге қызметкерлер арасынан жедел қимыл арнайы жасағының он полицейі және кадр саясаты басқармасынан бір өкілі арнайы таңдалды.