KZ
Өскемен
-9°
туман Штиль
512.83 600.58 6.36

ШҚО-да Президенттік шырша өтті: мереке мен жаңа жыл ғажайыбы

25.12.2025, 14:30 153 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысында Жаңа жыл қарсаңында Президенттік шырша өтіп, өңірдің түкпір-түкпірінен келген 200 баланың жүрегіне қуаныш пен үміт сыйлады. Балаларға арналған бұл игі дәстүр жыл сайын мемлекеттің жас ұрпаққа деген айрықша қамқорлығын айшықтап, жаңа жылдың нағыз ғажайыпқа толы мерекеге айналуына жол ашады. Биылғы мерекелік шара «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атауымен өтіп, бала қиялын қанаттандырған шаттықты сәттерге толы болды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жалпы облыс көлемінде ұйымдастырылған жаңа жыл мерекелеріне 450 бала қатысады. Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ оқу мен спортта, өнер мен қоғамдық өмірде үздік нәтижелерге қол жеткізген дарынды балалар бар. Бұл – әр баланың қоғам назарынан тыс қалмайтынын, олардың арманы мен үміті мемлекет үшін маңызды екенін білдіретін тағылымды көрініс.

Мерекенің шарықтау шегі бүгін өткен Президенттік шырша болды. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларды жаңа жылмен құттықтап, болашақтың иесі саналатын жас ұрпаққа артылар сенім мен жауапкершіліктің зор екенін атап өтті. Ол балалармен емен-жарқын әңгімелесіп, шырша айнала бірге би билеп, мерекелік көңіл күйді бөлісті. Бұл сәттер балалардың жүрегінде жылылық пен сенім ұялатты.

– Қымбатты балалар! Жаңа жыл – баршамызға, үлкендерге де, балаларға да ерекше мереке. Бұл – қуаныш пен үміттің, күлкі мен шаттықтың мейрамы. Жаңа жылда барлық армандарыңыз орындалсын. Сіздер қазірдің өзінде талай жетістікке жетіп, білімде, түрлі байқаулар мен жарыстарда топ жарып жүрсіздер, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Президенттік шыршада балалар ғажайыпқа толы ертегі әлеміне еніп кеткендей әсер алды. Танымал мультфильмдер мен қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлердің келбеті бірігіп, мейірім мен достықты, бірлік пен өзара көмекті дәріптейтін мазмұнды сахналық қойылым ұсынды. Эльза мен Олаф, Буба мен «Мадагаскар» кейіпкерлері, Айдаһар мен Аяз ата, Ақшақар балаларды сиқырлы саяхатқа жетелеп, ойын-күлкіге, би мен әнге толы мерекелік сәттер сыйлады. Шырша шамы жағылған сәтте залды қуаныш пен шаттық кернеп, балалардың жүзінен шынайы бақыттың лебі сезілді.

Айрықша әсер қалдырған «Сиқырлы портал» атты театрландырылған қойылымда Арман есімді баланың Аяз атаға жету жолындағы шытырманға толы сапары бейнеленді. Ол әрбір сынақта мейірімділік пен батылдықты, достық пен сенімді алға тартып, көрермен балаларды да ертегі желісіне белсене араластырды. Балалар актерлермен бірге ойнап, сұрақтарға жауап беріп, ертегінің бір бөлшегіндей әсер алды.

Мерекенің соңында әр балаға Мемлекет басшысының атынан 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат пен тәтті сыйлық табысталды. Сонымен қатар жаңа жылдық әсер тек бір күнмен шектелмей, балалар үшін мәдени-танымдық бағдарлама жалғасын тапты. Олар жаңа достар тауып, облыстық драма және оперетта театрында «Ұсқынсыз үйрек» спектаклін тамашалап, өнер мен руханият әлеміне бойлады.

Президенттік шырша – ел көлемінде өткізілетін ортақ қуаныштың бір бөлшегі. Бұған дейін Астанада да еліміздің барлық өңірінен жиналған балалардың қатысуымен жаңажылдық мереке өтіп, жас жеткіншектерге Мемлекет басшысының ыстық ықыласы мен қамқорлығы жеткізілді. Бұл игі дәстүр балаларға деген сенім мен үмітті нығайтып, олардың болашағына деген мемлекет жауапкершілігін айқын көрсетеді.

Шығыс Қазақстандағы Президенттік шырша мен өзге де мерекелер жылды ізгі ниетпен түйіндеп, алдағы уақытта балалар мен жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік әрі білім беру бастамаларының жалғасын табарына сенім ұялатады. Жаңа жыл әр баланың жүрегіне жарық сәуле, ізгі үміт пен сарқылмас шабыт сыйлаған мерекеге айналды.


Дамир Омаров

Фото: Артем Жигулин

Видео: Жалғас Сакадиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу